RU
Толық нұсқаға өту

Үйдің бағасы өсе ме?

08.08.2025, 07:00 414

Жаңа жылдан бастап құрылыс компаниялары әр сатқан пәтерінен 16 пайыз салық төлейді.

Бұған дейін олар бұл алым түрінен босатылған еді. Сарапшылар салық саясатындағы өзгеріс нарыққа айтарлықтай әсер етеді деп болжап отыр. Мәселеге премьер-министр де пікір білдірген еді. Олжас Бектенов баға бақылауда болады деп уәде етті.

Құрылыс жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Бірақ бағада тұрлау жоқ. Өйткенде баспанаға қашанда сұраныс бар. Құрылыс компаниялары да салған үйін жарнамасында " алтынмен аптап, күміспен күптеп" әлек. Көп ел қалтасына қарап көсілгенмен хан сарайындай пәтерлер де өтімді.  Мәселен, бір ғана сәуір айында сектордағы алым-сатым 32 пайызға өсті. Осы айда 36 мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Оның 8 мыңы жеке үй-жай болса, 28 мыңы көп қабатты тұрғын үй. Ал жыл бойында жаңа баспаналар саудасы 8,3 пайызға, қолданыстағылары 6,4 пайызға артқан.

ГРАФИКА: 

36 мың тұрғын үй сатылды

Көпқабатты үй - 28 мың

Жеке үй - 8 мың 

Үйдің жаңасы да, ескісі де жетіп артылады. Таңдап жүріп алуға болады. Бірақ, үйдің жақсысына баға да тәуір. Жалпы үй бағасын нарық реттейтінін ескерсек, алдағы жағдай қалай болады деген сауал әркімді мазалайтыны анық. Бұған себеп те жоқ емес. Жаңа жылдан бастап құрылыс компаниялары қосылған құн салығын төлейді. Бұдан бөлек құрылыс заттарының қымбаттауы да алаңдатады. 

Әлібек Сыздықов, сарапшы:

- Ресейден, Қытайдан, Еуропадан әкіледі. Оның бәрі доллармен сатып алады. Доллардың өз бағасы өсіп жатыр. Сонымен бірге НДС көтеріледі. Менің ойымша, пәтерлердің бағасы 10-12 пайызға дейін көтеріледі. Ол бірінші нарықта. Бәріміз білеміз бірінші нарықтың бағасы көтерілгенде,  екінші нарық салынған үйлердің бағасы көтерілуі мүмкін.

Үкімет бұл жағдайда қайтпек? Үй бағасын қалыпты ұстаудың бір амалы отандық өндіріс. Қазір құрылыста 68 пайыз жергілікті материалдар қолданылады. Импорт 37 пайыздан 32 пайызға азайды. Сосын Үкімет бағаны қолдан өсіретіндерге бақылау орнатады. Салыққа байланысты өзгеріс туындамауға тиіс. Бұл жайлы бас қалада өткен брифингте премьер-министр Олжас Бектенов айтқан еді. 

ЦИТАТА: Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Келесі жылы жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты тұрғын үй бағасының күрт өсуі болмайды. Сыбайластық келісім нәтижесінде туындауы мүмкін спекулятивті баға өсіміне жол бермейміз. Ол үшін бізде тиісті заңды тетіктер бар және оларды қолданамыз.

Бағаны тұрақты ұстаудың тағы бір амалы мемлекеттік бағдарламалар. Бұл жұмыстар өзінің жемісін беріп те келеді.

Амантай Телқожа, ҚР ӨҚМ Тұрғын үй құрылысы және жаңа құрылысқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас сарапшысы:

- Жыл сайын біз құрылыс көлемін мемлекет тарапынан көтеріліп отырады. Не құрылыс көп болғанмен баға сол көтерілмейді. Одан кейін мемлекеттік бағдарламалар бар, 7-20-25, 5-20-25 бағдарламаларына мемлекет, біздің ведмоствалардан шаршы метрінің бағалары бекітіледі. Сол үшін бағалар көтеріледі деп ойламаймын.

Құрылыс қарқынды болғанмен алушы да аз емес. Жалдамалы пәтерде жан бағып жүргендер көп. Елде 1 млн-ға жуық жан тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе алып қалаларда,,, баспана бұқараның басты базынасына айналған. Дегенмен, құзырлылар қол қусырып отырған жоқ, олар құрылысқа қарқын қосуға бейіл.

Амантай Телқожа, ҚР ӨҚМ Тұрғын үй құрылысы және жаңа құрылысқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас сарапшысы:

- Мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы бар, 2023 жылдан 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру. Немесе 1 млн-нан астам азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2,5 жылдың ішінде 23-25 жыл 44 млн шаршы метр пайдалануға берілді. 

Биыл 170 мыңнан астам адам баспаналы болады. Осының өзінде 72 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл пайдалануға берілген үй санының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, бұдан 5 жыл бұрын  15,3 млн шаршы метр үй салынса, 2021 жылы 16,9 пайызға өсті. Ал биылғы меже 19,2 млн шаршы метр.

ГРАФИКА:

2020 жылы - 15,3 млн шаршы метр

2021 жылы - 16,9 млн шаршы метр

2022 жылы - 15,6 млн шаршы метр

2023 жылы - 17,8 млн шаршы метр

2024 жылы - 19,1 млн шаршы метр

2025 жылы - 19,2 млн шаршы метр 

Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz