Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылына табиғи газ берілді.
Ауылдықтар отын жарып, күл шығару тауқыметінен арылды. «Өңірдегі елдімекендерді газдандыру алдағы уақытта да жалғасады», – деді ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев. Өңір басшысы Шонжы ауылында салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Аудан аумағында салынып жатқан жол құрылысын да көрді.
Шарын ауылына ұзындығы 64 шақырым газ құбыры тартылды. Шалғай ауылдағы 1200-ден астам үй мен мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне біртіндеп қосыла бастады.
Заендин Мақперов, Шарын ауылының тұрғыны:
- Газдың құбырын кіргізіп қойдық. Енді ауылға газ беріліп жатыр. Қуанып жатырмыз. Осыған дейін көмір жақтық.
Жуырда Ташқарасу мен Бахар ауылындағы мың шақты абонент үйін көгілдір отынмен жылытуға мүмкіндік алады. Облыс тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 77 пайыздық межеге жетті. Алдағы уақытта Кеген мен Райымбек ауданына көгілдір отыр жеткізіледі.
60 отбасы баспаналы болды
Ал Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл нысанның құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Жаңа баспана кілтіне көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар және әлеуметтік осал топ өкілдері қол жеткізді. Соңғы үш жылда Алматы облысының аумағында 171 жетім бала баспанамен қамтамасыз етілді, оның ішінде 20-сы Ұйғыр ауданында.
Альбина Көккөзова, Шонжы ауылының тұрғыны:
- Үкіметке, үкімет басшыларына көп-көп рақмет! Елеп-ескеріп, міне, жас отбасы деп бір жағынан, көпбалалы деп үй беріп жатыр. Сәл қобалжу үстіндемін. Қуаныштымыз. Берекелі үй болсын деп тілейміз!
Жыл басынан бері Алматы облысында 622 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңір басшысы «Көкпек-Кеген–Нарынқол» тас жолының жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскесіне барып, құрылыс барысымен танысты. Алматы облысында биыл жалпы ұзындығы 660 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов, 24 kz
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #баспана #газ #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz