Семейде Абай Құнанбайұлының шығармашылығын тұтас қамтыған үш томдық академиялық жинақ жарық көрді.
Бұл еңбек белгілі «Атамұра» баспасынан басылып, көпшілікке жол тартты. Кітаптың салтанатты тұсаукесері Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өтті. Салтанатты шараға еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар, Семей жұртшылығы мен белсенді жастар қатысты.
Бүгін тұсауы кесілген бірегей жинақтың алғашқы томында Абайдың өлеңдері мен аудармалары топтастырылған. Ал екінші томда қара сөздері, поэмалары және музыкалық мұрасы енгізілген. Кітаптың үшінші томында ақын шығармашылығына терең талдау жасалып, ғылыми сипаттама берілген.
Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:
- Мысалы ол кісінің өлеңдерінің қара сөздерінде көптеген шағатай, араб, парсы тілдері қолданылады. Бұл кітапта ғалымдар соған нақты түсінік береді. Бұл қандай мағына беретінін және қай жылы, қандай өлеңі жазылғандығы тіпті осы үшінші томда өзінің қолымен жазған түпнұсқасы араб тілінде беріліп отыр.
Абайдың сан қырлы болмысын ашып, өлең өрнегі мен ой тереңдігін көрсететін жинақтың мың данасы оқырманға жол тартты. Оны 10-шы тамыздан кейін кітап дүкендерінен алуға болады. Баспа басшылығы сұраныс артса, кітап саны да еселеп көбейеді деп отыр.
Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры:
- Бұл кітапты шығарған Атамұра корпорациясына алғыс. Энциклопедиядан бастап бірнеше еңбектер жарық көрген осы корпорациядан. Ұлы ақынның тойы құтты болсын.
Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры:
- Еліміздегі мықты баспа - «Атамұра баспасы». Сол «Атамұра баспасының» қаржылай қолдауының арқасында және Әуезов атындағы өнер институының ғылыми ұжымының арқасында осындай керемет үлкен құнды еңбек келіп отыр.
Бұл кітап өткен мен бүгінді жалғайтын, болашаққа бағдар болатын рухани қазына,- дейді шараға қатысушылар. Айта кетейік, салтанатты шара кезінде Қаныш Сәтбаевтың да бес томдық жинағының тұсауы кесілді.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Абай #атамұра #баспа #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz