Кейінгі екі жылда Батыс Қазақстан облысында 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған, деп хабарлайды 24kz.
Биыл да Орал қаласында 7 және аудандарда 14 көпқабатты үй, барлығы 1292 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, әлеуметтік осал топтары үшін 555 пәтер сатып алу көзделген. Мұның барлығы құрылысшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев құрылысшылар күні қарсаңында салаға еңбегі сіңген құрылысшыларды марапаттап, ризашылығын білдірді.
Құрылыс – ел дамуының темірқазығы, экономиканың негізгі тірегі. Тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол, ауыз су сынды халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық игілік – құрылысшылардың маңдай тері мен табанды еңбегінің жемісі. Бүгінгі салтанатты шарада осылай сөз бастаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев соңғы екі жылда өңірде 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында құрылыс саласының ұлттық экономикадағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтуде. Бүгінде құрылыс – ел дамуының локомотиві. 2025 жылдың елімізде «Жұмысшылар жылы» деп жариялануы – қарапайым еңбек адамдарына, оның ішінде құрылыс саласы қызметкерлеріне көрсетілген үлкен құрмет пен жоғары бағалау деп білеміз. Бұл – өз кәсібіне адал, маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген құрылысшылардың еңбегіне берілген лайықты баға.
Бүгінгі салтанатқа арнайы шақырылған Болат Сралиев осы салада 40 жыл еңбек етеді. Оның басшылығымен ондаған әлеуметтік нысан бой көтеріпті. «Құрылысшы – өркениеттің іргесін қалаған құдіретті мамандық», - дейді ол.
Болат Сралиев, құрылысшы:
- Жас күнімнен келдім. Содан бүгінге дейін істеп келе жатырмын. 40 жыл еңбек еттім осы салада. Өте көп қиындықтар да болды. Қиындықсыз болмайды. Оған төзімділік керек. Жақсы мінез керек. Шыдамдылық керек. Сонда ғана еңбегің ақталады.
Салтанатты шарада ел дамуына еселі еңбегімен үлес қосып жүрген құрылысшылар марапатталды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап
Тегтер #Батыс Қазақстан облысы #әкім #Нариман Төреғалиев #құрылысшылар #марапаттауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz