Абайдың ойы өлеңге, сезімі қара сөзге сіңді. Жазбаларын шаң баспады, әлі өзекті.
Ол жайлы Ахмет «Бұрын-соңды қазақ баласында одан асқан ақын болған жоқ. Болмайды да» десе, Міржақып Абайды қазақ әдебиетінің бірінші кірпішіне балады.
«Әдебиеті жоқ халық басқаларға сіңісіп, жұтылады. «Жұрттың жаны – әдебиет, ал жансыз тән жасамақ емес». Бұл – Алаш арыстарының көркем сөзге берген бірінші бағасы. Қазір ой қазынамыздың қоры қоңды. Мәдени мұрамыз бай. Хан сарайындай заңғар кітапхана соқсаң да, ішіне сыйдыра алмайсың. Ал осы сөз сарайының алғашқы кірпіші – Абай. Бұл – Алаш қайраткерлерінің қазақ әдебиетіне берген екінші бағасы.
Бұл – 1914 жылы жарыққа шыққан Қазақ газетінің 67-ші саны. Алматы қаласының сирекқорында сақталған жалғыз түпнұсқа. Басылымның басты беті Абай мен оның еңбектеріне арналған. Кітабын жарнамалап, Абай атында қирағатхана ашу туралы ұсыныс тастаған. Дәл осы санда Міржақып Дулат қазақ пен Абайдың арасындағы байланысқа кеңінен тоқталады.
Аружан Макарам, ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы:
- 23 маусым күнгі санында Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай деп мақала берген. Бұл мақаласында Міржақып Дулатұлы Абай қазақ әдебиетінің негізін қалаған алғашқы кірпіш. Бұған дейін әдебиетте Абайдай оқитын тұлға болған жоқ. Сол себепті бұдан кейін Абайдан асып ақын-жазушылар шықса да ең басында Абай тұратыны анық деп баға берген.
Әрине, ұлтымыздың рухани қазынасы тереңнен тамыр тартады. Алайда Абай жазба әдебиетінің темірқазығы болды. 170-тен аса өлең, 56 аударма, 45 «қара сөз» жазды. Жай жазбады. Түбірін, тамырын, ішкі сырын һәм қадір-қасиетін қармай жазды.
Өлең – 170-тен аса
Аударма – 56
Қара сөз – 45
Болат Қорғанбеков, Абайтанушы:
- Түрлі Абайды көреміз шығармасынан. Еліктеген шәкірт Абайды көреміз, одан кейін ел басқарған кезіндегі елмен алысқан, жұлысқан, шаршаған Абайды көреміз. Торыққан Абайды көреміз. Қазақтың індетін көрсетіп, қазақтың бетіне басып, шыжғырған Абайды көреміз. Одан кейін бәрін жиып қойып, өзіне үңілген Абайды көреміз. Ақыр соңында, ең соңында жолын бұрынңы бабалардың жолына түскен Абайды көреміз. Біз оның әдебиетшілдігімен мақтануымыз керек. Біз оның ізденісін үлгі тұтуымыз керек.
Абай сөзі өзі өлгеннен кейін 5 жылдан соң ғана басылды. Көзі тірісінде еңбектерін шығаруға қарсы болыпты. Бойында дақпырт дарақылығы жоқ, атаққұмарлықтан ада ақыннан Алаш арыстары рұқсат сұрағысы келген. Алайда үлгермеді.
Міржақып Дулатұлы 1914ж. «Қазақ газеті»:
- Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай бiлетiндердiң жазулары тасқа басылып, халыққа таралып, сынға түсiп тұрғанда, Абай сөзi өзi өлгеннен кейiн бес жыл өткенде басылды. 1904 жылы июнь айының басында Омскiге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдiм. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуiмше, Абай өз өлеңдерінің басылып шығуын тiлемейдi hәм бастыруға ешкiмге рұқсат бермейдi екен. Күзде Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейi бұрылып, Абайға сәлем беремiн, танысамын өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемiн», деп. Ахметке Абайды көруге нәсiп болмады. Абай өмiрi күзге жетпей, сол июньнiң 23-iнде опат болды.
Дихан Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы:
- Абайдың даналығы да, Абайдың жұмбағы да, Абайдың құбылысы да осында. Осындай адам өзін неге жарнамаламаған? Қазір екі ауыз сөз жазса өзін жарнамалап отырады. Ұлылық та осында. Жазғанын жазған жерінде тастап кеткен. Абай өзінің көңіл күйін, сезімін шығарды, хатқа түсірді. Бұл да үлкен ғаламдық құбылыс.
Абай – тек әдеби тұлға емес. Ол қазақ дүниетанымының барлық сырын аша білген жан. Оны оқу арқылы біз болымысызды танимыз һәм өзімізге деген құрметіміз артады.
Болат Қорғанбеков, абайтанушы:
- Абайды жете түсінген адам. Біріншіден, өзім деген нәрсені ұмытады. Елім жұртым деген пиғывлды көкірегіне, ойына, бәріне енгізеді. Және соған қызмет етеді тек. Бұл бір. Сол жолда ол кедейліктен, өмірде болатын келеңсіздіктен қорықпайды. Ол ер деген қазақтың керемет ұғымына қатысты. Үшішіден сосын ол махаббатқа ие болады.
Қазір қазақ Абайдың ақындық қырын ғана танып жүр. Ғалымдардың айтуынша, оны әлі де терең зерттеу керек. Керек десеңіз, Абайдың бойынан әділ саясаткер һәм билеушінің қасиеттерін табуға болады.
Дихан Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы:
- Абай ұзын саны 18 жыл ел билеген. Болыс та болған, би де болған. Бұл патшалық үкіметтің заманы. Біз сол кезде Абай не бітірді, не тындырды соны заттандыруымыз керек. Абайдың халыққа көңілі, Абайдың біреудің жолын ашқандығы.
Абай жайлы жазба да, естелік те, ғылыми зерттеме де көп. Бірақ біз бүгін ақынның бет-бейнесін Алаш арыстарының көзімен жеткізгіміз келді. Олар тұлғаның мерейтойын атойлатып атап өтетін кезді армандады. Сол күннен үміт күтті һәм сол күнге ұрпағы, яғни біз жететінімізге сенді.
«Үнемі бұл күйде тұрмас. Халық ағарар, сол күндері Абай кұрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер. Халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ рухымыз сезер, қуанар». Міржақып мақаласын осылай тәмамдады. Биыл Абайдың 180 жылдығы тойланып жатыр. Демек, аталар арманы орындалды. Сірә, Абаймен бірге алаш қайраткерлерінің де рухы бұл күні риза.
Бекзат Аманов, 24КZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Абай #жазбалары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz