Үрпек ауылының тұрғындары екі жыл болды, жол азабын тартып келеді.
Аудан орталығы Аманкелдіге дейінгі 15 шақырым тас жолдың жартысын былтыр су бұзып кеткен еді. Биыл тағы су шайды. Бірақ жөнделер түрі көрінбейді.
Үрпек, Қабырға ауылдық округтарына қарасты 5 елді мекенді аудан орталығымен жалғайтын жалғыз жолдың қазіргі күйі осындай. Былтырғы тасқын осы жолдың 7 шақырым бөлігін тас-талқан етті. Сол жылы оны жөндеуге бюджеттен 453 миллион теңге бөлініп, қалпына келтірілгендей еді. Биыл көктемде лықсып келген мол судың тағы шайып кету қаупі туындаған соң, көтерме жолдың төрт жерінен қолдан жыруға мәжбүр болған. Содан бері шұрық-тесік жолды қалпына келтіруге ешкім асығар емес-дейді жергілікті тұрғындар.
Мәди Оспан, Үрпек ауылының тұрғыны:
- Күте-күте шаршадық. Өйткені бәрі қазір кредит алған машина. Ауылдың өтірік айтпаймын 80 проценті кредит алған машиналар ғой. Бір ай жүре ме, жүрмей ме ходовкасын ауыстырады, қазір қымбатшылық заман ғой. Мысалы оған дейін 10 минутта баратын жеріміз тұғын. Қазір міне өздеріңіз көріп отырсыздар ғой 40-50 минутта зорға барамыз.
Бұл жолды қыста үнемі қар басып, жазда жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады. Жырылған тұстары бітелгенімен, қос қабатын су шайып, жалғыз көлік әрең өтетіндей ені тарыла түскен.
Жақсылық Амантаев, Қабырға ауылының тұрғыны:
- Өте нашар жол деген. Езіліп кетеді мына үсті деген. Өте қиын ғой. Вообще жүре алмайды. Қауіп, түнгі кездері. Ауып кетуі де мүмкін ғой батпақта , Иа,иа, мүмкін.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Екі жыл қатарынан су шайған бұл жолдың қауіпті тұстары көп. Егер абайлап, байқап жүрмесең, бір жағына сырғып, ауып кетуің мүмкін. Былтыр тасқын кезінде осы сайға бір көлік құлап, екі адам мерт болған.
Аудандық әкімдік Үрпекке дейінгі жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжатын дайындап қойыпты. Бірер күн бұрын ғана облыстық бюджеттен қаржы бөлінді дейді.
Қанат Кеделбаев, Аманкелді ауданының әкімі:
- Қаражат бізге келіп түсті. 329 миллион тенгедей қаражат. Енді біз жақында бір мердігермен келісім-шартқа отырамыз. Жұмыстарды тез арада бастап, екі-үш айдың көлемінде біз ол жолдың денгейін 1 метр 20 см көтере отырып, қайтадан үстіне щебень төсеп, биылғы жыл сондай жұмыстар жасаймыз. Қосымша екі жерден су ағар дайындаймыз.
Биыл көтерме жолды тағы бір метрге биіктетіп, келер көктемде бақылаймыз дейді. Алты су ағар арна өткізіп үлгіріп, жол жабындысы бүлінбесе, алдағы жазда үстіне асфальт төсеуді жоспарлап отыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай облысы #ауыл #жол құрылысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz