Таңдаулы 100 кітап анықталды. Мемлекет басшысы Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтай отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу.
Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек»,- деген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Осы мерекеде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап сауалнамасы басталып, Абай күні қарсанында аяқталды. Сауалнама еGov.kz порталында жүргізілді. 3 айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасады. Бастамаға белгілі қаламгерлер мен сарапшылар да атсалысып, дауыс берді. Бүгін бұл жобаның қорытынды шарасы өтіп, оған қоғам қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналғандар бұл бастаманың ел руханияты үшін айрықша маңызды қадам болғанын атап өтті. Жиынға қатысқандардың пікірі бойынша бұл жоба қазақ әдебиетін насихаттауға ықпал етіп қана қоймай, кітап өндірісіне де, кітапхана ісіне де соны серпін береді. Қорытынды тізімге казақстандық классикалық шығармаларынан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді. Тізім құрамына көркем әдеби роман мен повестер, өлең жинақтары кірді. Толық тізім Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланды. Бұл жоба енді тұрақты түрде жалғасып, тізім жаңартылып отырады. «100 кітап» жобасы – ұлтымыздың болмысын айшықтайтын, қалың оқырманның әдеби талғамын қалыптастыратын, келер ұрпаққа рухани бағыт-бағдар болатын маңызды қадам.
Төлен Әбдік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Әдебиетке жасау бар да, әдебиетті насихаттау бар. Насихат жетіспесе әдебиет те халыққа жетпейді деген сөз. Бірақ әлемдік әдебиет дамып жатыр. Әдебиетті жақсы көретін елдер бар. Сондықтан біз содан қалмауымыз керек. Ол үшін түрлі жоба керек. Мынау 100 кітап соның бір түрі. 100 кітап десең жұрт ойпырмай бұл неғылған 100 кітап, оның ерекшелігі қандай деп ойлап, оқи бастайды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #кітап #үздік #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz