Астанадағы «Номад» ұлттық аңшылық клубы қазақы тазының 500-дей күшігін шығарып, асыл тұқымды өңірлерге таратты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – 15 жылдан бергі атқарылған ауқымды жұмыс. Клубтағылардың айтуынша, құмай тазыны тану үшін сырт тұрпатын дұрыс сипаттау аздық етеді. Оның аңды алудағы стратегиялық айласын, аңшылықтағы шынайы мінез-құлқын бағамдай білу керек. Міне, бұл екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бұл бағытта талай шаруа атқарылғаны рас. Тіпті Хельсенкидегі халықаралық додада қазақы тұқым топ жарып, талайды тамсандырды. Дегенмен, құмайды сақтап, дәріптеу үшін тағы не істемек керек?
Бақыт Топтаева, тілші:
- Қазақта ешқашан тазыға ит ұғымы қолданылмаған. Тек аңшылыққа жарамай, сыны кетсе «ит болып кетіпті» деп иесінің намысына тию үшін ғана айтылса керек. Тазықұмар Әділхан Түкенов құмайға қатысты осындай небір қызық дерекке қанық. Тазының ұрғашысын басқа емес, «өлекше» деп атайтынын дәл осы кісінің аузынан білдік. «Номад» ұлттық аңшылық клубының белді мүшесі тазыны дәріптеуге үкімет деңгейінде ден қойылғанына қуанады. «Алайда асылтұқымды сақтауда абай болғанымыз жөн», - дейді. Себебі соңғы кезде тазының жүйріктігін сынау үшін шырға тартылып жүр. Оның айтуынша, бұның соңы жақсылыққа апармауы мүмкін.
Әділхан Түкенов, «Номад» ұлттық аңшылық клубының мүшесі:
- Бұл – әмбебап ит түрі. Мысалы ізбен қағады, аңды көтереді және өзі қуып жетіп алады. Оны біз бірыңғай шүберекке салған кезде бұл қасиеті жойылып кетуі мүмкін. Мысалы қаққыштық қасиеті жойылып кетуі мүмкін. Сосын будандастыру. Мысалы тазының аңның әдіс-айласын алдын алу қасиеті бар да. Мысалы қиғаш салады. Мысалы делік аң тура кетіп бара жатса, бұлар аңның шамамен бағытын біле тұрып, көлденең салатындары болады. Сондай-сондай қасиетінен біз айырылуымыз мүмкін.
Әділхан Түкеновтың айтуынша, бүгінде тазыны шын танитын сарапшы аз. Тазы ағытып, оның аңшылықтағы төзімділігіне, қырағылығына бойлай бермейтін адамдардың бағалап жүргеніне налып жүр. «Осы ретте кинология орталығы тәжірибесі барларды бір ортаға тоғыстырса», - дейді.
Әділхан Түкенов, «Номад» ұлттық аңшылық клубының мүшесі:
- Кинология орталығы генетикалық материал жинау үшін экспедиция жасауы керек. Қазақстанның түкпір-түкпірінде оларға белгісіз небір-небір қызықты экземплярлар бар. Тазы түрлері бар. Соның бәрін зерттеу үшін бізді біріктіру үшін, жалғыз біз ғана емес, мысалы көп орталықтар бар. «Асыл Қазына» деген бар, біз бар – «Номад» клубы. Солардың басын біріктірсе жақсы болар еді.
«Номад» аңшылық клубында бүгінде 21 тазықұмар бар. Қазір 30 құмай жүгіртеді. Үш жыл қатарынан «Дала сынағын» өткізіп, тазыларын аңға ағытып жүр. Биыл күзде тағы ұйымдастырмақ ниетте.
Болат Құнанбаев, «Номад» ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:
- Ұлттық аң аулау дәстүрі бойынша тазыны аңшылық маусымда ғана ағытамыз. Маусымнан тыс уақытта жай ғана жүгіртеміз. Негізі таңғы самалмен жүгіруге жібереміз, өйткені күндіз ыстық болғандықтан оларға ауыр тиіп, өкпесі өшеді. Сондықтан не таңғы уақытта не кешқұрымда ғана атпен сейіл құрамыз.
Клубтың құрылғанына биыл 15 жыл толды Осы уақыт аралығында 500-ге тарта күшікті өңірлердегі итбегілерге таратыпты. Қазақы дәстүрмен жағдайы бар шын жанашырларға ғана тегін береді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Өрден Жарқын
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz