RU
Толық нұсқаға өту

Алматылық жастар «Iz» деп аталатын компьютерлік ойын жасап жатыр

14.08.2025, 21:23 979

Алматылық жастар Iz деп аталатын компьютерлік ойын жасап жатыр.

Таныстырылымы осы күзде өтеді. Ойын қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің желісіне негізделген.

Ойынның басты кейіпкері - Баян. Оның Мақпал есімді сіңлісі бар. Сол кішкентай қызды белгісіз бір құбыжық ұрлап кетеді. Ал Мақпал сіңлісінің ізіне түсем деп  түрлі қиындықтарға тап болады. Ойынның Iz деп аталуы да содан. Желісі түркі мифологиясы мен жауынгерлік дағдыға негізделген. Оған қоса, бұл жерде қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінінің мыстан кемпір, жезтырнақ, шимұрын сияқты кейіпкерлері де кездеседі. Соларды қорқыту үшін шаңқобызды қолданған.

Назым Жұмабаева, нарративтік дизайнер:

- Басқа аспаптар көп. Домбыра туралы да, қобыз туралы да ойладық. Бірақ біздің Баян шытырман оқиғаларға кетеді десек те болады. Ол өзінің сіңлісін әртүрлі жерлерден іздеу керек. Шаңқобыз өзі кішкентай-ақ. Сондықтан соны таңдаған болатынбыз. Шаңқобыздың үні бұрын әртүрлі зұлымдарды қорқытады деп сенген. Мақсатымыз топ ретінде әлемге қазақ мифтері, мәдениеті туралы ойын арқылы көрсету.

Шытырман оқиғаға толы ойынды 5 адам әзірлеп жатыр. Барлығы жоғары білімді IT саласының мамандары. Топ осы жоба арқылы Қазақстанды әлем халқына жетік таныстыруды мақсат етіп отыр. Оларға өздері оқыған университет жанындағы ойын зертханасының қызметкерлері  көмекке келген.

Александра Канышева, зертхана жетекшісі:

- Команда мүшелері біздің алғашқы түлектеріміздің бірі. Зертханадағы жазғы лагерьге тынбай келіп жүрді. Жастардың талабы жақсы. Алған білімдерін өздері ұнатқан іске жұмсап жатыр. Олардың қатарында геймдизайнер, суретші, әзірлеуші сияқты тағы бірнеше мамандар бар. Өнімді шығару үшін көп нәрсе керек. Код жазу, сюжет ойлап табу, сурет салу, музыкамен өңдеу, дизайн жасау, ойынды сата білу, сараптама жасап келісу сияқты қыруар шаруаны атқаруда. Біз өз тарапымыздан кеңесімзді аямаймыз.

Айта кетейік, геймдейв яғни ойын әзірлеу индустриясы кейінгі жылдары қарқын алып келеді. Қазір бұл тек ойын-сауық қана емес, креативті өнер, технологиялық инновация және іскерлік сала ретінде қарастырылады. Назымның айтуынша, осы бағытта жасалған Iz күзде таныстырылады.

Назым Жұмабаева, нарративтік дизайнер:

- Ойынның демо-нұсқасын жасап жатырмыз. Қазір біз стим платформасына салуға дайындап жатырмыз. Сол қыркүйек, қазан айында болады. Қазір бізде ойнауға болатын нұсқасы бар. Біз сол нұсқаны әр түрлі шараларда көрсетеміз. Біздің ойындарымызды әр түрлі жастағылар ойнай береді десек те болады. Осындай іс-шараларды кішкентай балалардың да үлкен кісілердің ойнағанын байқадық.

Жастар мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Жобаны аяқтаған соң өздерінің геймдейв ойын студиясын ашуды жоспарлап отыр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz