Биылдан бастап аудан және облыстық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұрынғыдай жоғарыдан тағайындау тоқтап, таңдауды халық жасайды. Жалпы халық тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы өз билігін жүзеге асырады. Бұл Конституцияда нақты көрсетілген. Реформаның нәтижесінде бүкіл саяси жүйенің жұмысы жаңғыртылды. Елде ауқымды әрі терең институционалдық өзгерістер жасалды. Әкімдерді тікелей сайлау да мемлекетті басқару ісіне араласуға берілген мүмкіндік.
«Әкім өзгерсе де, әдет өзгермейді» деген тәмсіл әбден сіңісті боп кеткен еді. Өйткені елді мекендегі өзекті мәселе кезекті басшыға қала беретін. Бірақ 4 жыл бұрын алғаш рет ауыл әкімдерін тағайындамай, халық тікелей сайлады. Жағдайды жақсарту үшін жаны ашитын азаматты таңдау – заңдағы талапқа айналды. «Бұл бастама елді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады», - деді Президент.
Аржан Сәдуақас, заңгер:
- Әкім ішкі моралдық сезімін өзі түсінеді. «Мені халық сайлады». «Облыс әкімі не дейді» деп немесе «қаланың әкімі не дейді» деп алаңдамайды. Ол жерден алып тастау үшін облыс әкімінің мүддесі де жүрмейді. Ол жерде халық қайта жиналып, оны қызметтен айыруға байланысты мәселе көтере алады. Өрескел қателіктер немесе құқықбұзушылықтар болмаса, әрине, әкімді Президент те ала алмайды. Біздің қазіргі Ата заңға сәйкес. Оны сол аумақта сайлаған халық қана өзгерте алады.
Ауылдарда тікелей сайлау өткізу – халық билігін орнатудың айқын көрінісі. Бүгінде елді мекендердегі әкімдер 100% осы жүйемен таңдалған. Сосын оң үрдіс аудандарға ойысты. Тек 2 жыл бұрын 42 аудан мен 3 облыстық маңыздағы қаланың басшылары сынақ негізінде сайланды. Ал биылдан бастап қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
- Бұл әрине, 5-10 жылда саяси жүйені өзгертетін құбылыс емес. Ұзақмерзімді алғанда саяси жүйеміздің төменнен бастап жоғары қарай өзгеретін кезең-кезеңмен реформалардың нәтижесі дейміз. Жалпы азаматтардың демократиялық институттарға деген сенімін, сайлау принципіне деген саяси мәдениетін арттырады. Сондықтан бұл тұрғыда сайлаушылардың жауапкершілігі артып отыр. Екіншіден, сайлаушылар алдында әкімнің қызметтік жауапкершілігі артпайды, оның әрбір қадамы, әрбір берген уәдесі, әр қызметі жергілікті комиссия алдында жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады деп ойлаймын.
Тікелей сайланған лауазым иелері жоғарыға жалтақтамайды. Тек жұрт алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Осылайша, тұрғындарға есеп беретін әкімдер институты қалыптасады. Ал, халық саяси реформа негізінде мемлекеттік басқару ісіне араласа алады.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Самат Қазанбаев
Тегтер #әкім #сайлау #халық #саяси реформаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz