Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейін апаратын тасжол жаңартылып жатыр.
Бауырлас мемлекеттерді жалғап тұрған трассаның ұзындығы 164 шақырым. Оның 114 шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі. Тағы 50 шақырымдық бөлігіне жаңа асфальт төселеді. Сөйтіп, Кендірлі курорт аймағы мен Маңғыстаудың туристік орындарына жету жеңілдейді.
Талғат Исламұлы, тілші:
-«Жаңаөзен - Түркіменстан республикасының шекарасы» бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 164 шақырымды құрайды. Соның биыл 114 километріне орташа жөндеу жүргізіледі. Мамандар жылдың соңына дейін 60 шақырым жерге бір қабатты жол төсеуді жоспарлап отыр.
Жаңаөзеннен бастау алатын жолдың ортаңғы бөлігі Кендірлі курорт аймағы арқылы өтеді. Одан әрі Түркіменстанға шығатын «Темір баба» кеден бекетіне дейін барады. Халықаралық деңгейдегі трассаның бүлінген жерін орташа жөндеу екі апта бұрын басталды. Ал бұған дейін асфальт болмаған 50 шақырымдық аумағына жаңадан жол төселеді. Мердігер құны 27,6 млрд теңге болатын жоба құрылысына отандық материалдарды қолдануда.
Еркебұлан Баймолдин, мердігер компания өкілі:
- Қиыршық тасы Шетпе кентінен келіп жатыр, битумы Каспий битумнан келіп жатыр. Осы жылға жоспарымыз бойынша 60 километр жолды бітіру. Соның ішінде 100 мың тонна асфальт салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі жұмыстардың барлығы кесте бойынша жүріп жатыр. Бұл жұмыстың аяқталуы 2026 жылдың соңына дейін.
Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды. Оған себеп соңғы жылдары бауырлас қазақ-түрікмен арасында сыртқы сауда және транзиттік жүк ағыны бірнеше есе ұлғайды. Мәселен, былтыр тауар айналымы 555 млн АҚШ долларынан асты. Оның 335 млн доллары - экспорт. Десек те, көлікпен жүк тасымалдау ой-шұңқыры көп қауіпті жолда ұзақ уақыт алатыны күн тәртібінен түспей келді.
Дархан Иманашев, "Қазавтожол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Қазіргі таңда жүк көліктері, транзиттік көліктер бұл жолды 5-8 сағаттың ішінде өтсе, жобаның іске асырғаннан кейін бұл жолды 2,5 сағатта өтуге болады. Қарқындылық бұл жолда аса көп емес. Себебі, жаңағы айтқанда бізде 50 шақырымы мүлдем жоқ. Жоба дайын болғаннан кейін жаңадан транзиттік көліктер қосылады деп, соған сенеміз.
Келешек Қазақстан мен Түрікменстан арасында визасыз режим енгізілуі мүмкін. Биыл мамыр айында Парламент Мәжілісінде арнайы заң жобасы ратификацияланды. Демек, шекаралас жатқан елмен осы жол арқылы алыс-беріс, барыс-келіс кедергісіз әрі қауіпсіз болады деуге толық сенім бар. Айта кетсек, көршілес ел трассаның өз аумағындағы бөлігін жөндеп жатыр.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Маңғыстау облысы #тас жол #туризм #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz