Шымкентте Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» жобасы аясында жүздеген бала оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
Олар әлеуметтік осал топтағы отбасы балалалары. Этномәдени бірлестік өкілдері қайырымдылық акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауға үлес қосып, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады.
Бұл жолғы кайырымдылық акциясы аясында 132 балаға оқу құралдары берілді. Мектеп сөмкесі, дәптер, қалам, түрлі-түсті қарындаш пен басқа да қажетті дүниелер табысталды. Жалпы игі шарада 1,5 миллион теңгенің көмегі көрсетіліп, ата-ананың ауыртпалығы жеңілдеді.
Ынтызар Алданова, қала тұрғыны:
- Қыстық киім бар, жаздық киім бар, спорт киімі бар. Мектеп формасы бар. Соның бәріне 100 мыңдай кетіп қалады. Бір жағына жетпей жатқанданда екінші жағына көмек беріп тұрса қандай керемет. Ол біздің ауызбыршілігімізді білдіреді. Ол біздің бір-бірімізге деген сыйластығымызды білдіреді.
Акция Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы этномәдени бірлестік өкілдерінің бастамасымен тамыз айында 7 миллион 900 мың теңгенің оқу құралы 532 балаға үлестірілді. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін білім беру ұйымдары ұсынған.
Әріпжан Қалназаров, қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі:
- Осы жас балаларымыз еліміз, жұртымыз үшін оқысын, университеттерге түсуге жетсін. Үлкен жұмыстар істесін. Меценаттарымыздың барлығын осындай игі іске шақырамын.
Өңірде 56 мыңнан астам бала үшін мектеп формасын алуға 46 мың 500 теңгеден үлестірілді. Бір реттік төлем атаулы көмек алушылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған отбасыларға аударылды. Сонымен қатар төтенше жағдайға тап болғандар да тізімге алынды. Осы мақсатта бюджет есебінен 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінді.
Гүлнәз Сүлейменова, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Қамқоршылық кеңестің комиссия отырысы негізінде анықталатын балалар бар. Осы санаттың барлығын құрағанда берілетін сома әр балаға 46 мың 500 теңге. Ол республика көлемінде біріңғай көрсетілген. Мектептің әлеуметтік педегогы бар штат бойынша. Сол әлеуметтік педагог ұйымдастырады.
«Мектепке жол» акциясы 30 тамызға дейін жалғасады. Жалпы биыл бірінші сыныпқа 28 мыңға жуық бала барады. Оқу жылы қарсаңында білім беру мекемелерінің дайындығы тексеріліп, ұстаздарға жаңа мақсат, міндеттер жүктелді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Мектепке жол #Шымкент #ҚХАPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz