RU
Толық нұсқаға өту

Президенттің 2024 жылғы жолдауы: елдің транзиттік хаб ретіндегі рөлі артты

22.08.2025, 13:12 319

Еуропа мен Азия ортасындағы сауда нарығында Қазақстан өз ұстанымын нығайтып, заманауи транспорттық экожүйесін қалыптастырып келеді.

Биыл 12 мың шақырымнан астам автожолды жөндеу және салу жоспарланып отыр. Ал теміржол саласында 4 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Елдегі автожолдар арқылы биыл алғашқы жартыжылдықта 550 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға артқаны байқалады. Күре жолдарды жөндеу және салу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның ішінде Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан шекарасына дейінгі трассаның құрылысы бар. Жоба бауырлас елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға және туризмді дамытуға серпін бермек.

Еркебұлан Баймолдин, мердігер компания өкілі:

- Қиыршық тасы Шетпе кентінен келіп жатыр, битумы Каспий битумнан келіп жатыр. Осы жылға жоспарымыз бойынша 60 километр жолды бітіру. Соның ішінде 100 мың тонна асфальт салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі жұмыстардың барлығы кесте бойынша жүріп жатыр. Бұл жұмыстың аяқталуы 2026 жылдың соңына дейін деп күтілуде.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол»  ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Қазіргі таңда жүк көліктері, транзиттік көліктер бұл жолды 5-8 сағаттың ішінде өтсе, жобаның іске асырғаннан кейін бұл жолды 2,5 сағатта өтуге болады. Қарқындылық бұл жолда аса көп емес. Себебі жаңағы айтқанда бізде 50 шақырымы мүлдем жоқ. Жоба дайын болғаннан кейін жаңадан транзиттік көліктер қосылады деп сенеміз.

Теміржол саласында ірі жобалар қолға алынды. «Достық-Мойынты», Алматы айналма жолы, «Дарбаза-Мақтарал» және «Бақты-Аягөз» бағыттары елдің транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтпек. Алдағы бес жыл ішінде 5 мың шақырым теміржол салынады. Сонымен қатар 11 шақырым желі жөнделеді. Үкімет ең алдымен халықаралық дәліздерге басымдық беріп отыр.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

- Соңғы 10 жылда транзит көлемі 2 есе өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жетті. Теміржол саласында жасалып жатқан жұмыстарды ескере отырып, биыл транзит көлемі 33 млн тоннаға жетеді. Ал келесі 54 млн-нан асу керек. 2029 жылдың соңына дейін транзиттік тасымал көлемін 67 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар Ақтау және Құрық порттары жаңғыртылып жатыр. Жуырда Қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Ал Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында жаңа жолаушылар терминалы ашылды, Арқалық әуежайының жұмысы қалпына келтіріліп, Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр.

Еркебұлан Смадияров, Ринат Досалиев, 24 kz 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz