RU
Толық нұсқаға өту

Төрт түліктің тамыршысы – Cаттар Құлбаев

23.08.2025, 19:23 446

«Малым – жанымның садағасы» дейтін қазақ үшін төрт түліктің маңызы зор. Ал мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ветеринарлардың еңбегі ерен. Атырау облысы Индер ауданына қарасты Елтай ауылының тұрғыны Саттар Құлбаев ауылдастары арасында төрт түліктің тамыршысы атанған.

Саттар Құлбаев 1986 жылы Оралда оқуын аяқтап, мал дәрігері мамандығын алып шыққан. Содан бері табан аудармастан осы салада еңбек етіп келеді. Ауданға белгілі мал дәрігеріне елдің құрметі ерекше. Таңның атысынан күннің батысына дейін дала кезіп, шаруа қожалықтарына барады. Әр түліктің ауруын тап басады.

«Саттар Құлбаев өзінен кейінгі жастарға үнемі жол көрсетіп, жөн сілтеп отырады. Мемлекет тарапынан жас мамандарға көп көңіл бөлінуі керек»,- дейді білікті мал дәрігері.

Саттар Құлбаев, мал дәрігері:

- Бұл мамандықты игеру үшін қажырлы еңбек керек. Күн демей, түн демей малы ауырған адам мұқтаж болып келеді. Соған кез келген уақытта көмектескені жақсы. Қазір жастар біркелкі келіп жатыр. Бірақ жоғарғы орындар жастарға еңбекақысын көтеру жөнінде, келгеннен кейінгі үй-жайына орналасу жөнінде көп көңіл бөлуі қажет.

«Саттар Құлбаев – мамандығына адал азамат. 40 жылдан бері бір салада еңбек ету – өз жұмысыма деген махаббат»,- дейді ол. Әр ауруды жазу үшін күндіз-түні ізденеді. Белгіленген емнен бөлек, ауруды жан-жақты зерттеп, жаңа тәсілдерді қолданады.

Амантай Мұқатов, Елтай ауылдық округінің мал дәрігерлік пункт меңгерушісі:

- Өз ісіне ұқыпты, білікті. Келіп жатқан жас мамандарға өз тәжірибесін үйретуден еш тайынбайды. Округте енді әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық емдеу шаралары жүреді. Соған белсене қатысады. Кейбір үйлерге барғанда кісі болмай қалады. Сол кезде өзі малды ұстайды әрі байлап, егеді. Сөйтіп жүріп кейбірде аяғы тайып құлап қалып жатқан кездері де болды.

Саттар Құлбаев биыл зейнетке шығады. Жуырда ғана мал дәрігерлері күніне орай «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Мұндай білікті әрі іскер жандардың еңбегі кейінгі жас буынға қашанда үлгі.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзаков, Жандос Рахметуллин, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz