«Интергаз Орталық Азия» АҚ Орал желілік-өндірістік басқармасының құрылғанына биыл 50 жыл. Осы уақытта басқармаға қарасты құбырлар мен компрессорлық станциялар арқылы триллион текше метрден астам газ тасымалданып, елдің тек батысы емес, оңтүстік аймақтары да көгілдір отынмен қамтылды.
Мерейлі датаны атап өтуге кәсіпорын басшылығы мен сала ардагерлері жиналды.
Орал желілік-өндірістік басқармасы 1975 жылы құрылды. Сол кезде мекеме алдына жүктелген міндет «Орынбор – Новопсков» және «Союз» газ құбырының қалыпты қызметін қамтамасыз ету болатын. Кейін ол қатарға «Орта Азия-Орталық» және «Қарашығанақ-Орал» магистральды газ құбырлары қосылды. Содан бері аталған газ артериялары арқылы триллион текше метрдей газ тасымалданды.
Абзал Қисметов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары:
- Еліміздің экономикасына қосып жатқан үлкен үлесі бар үлкен газ тасымалдау жүйесінің бір бөлігі. «Союз» және «Орынбор-Новопсков» деген магистральды газ құбырымен үлкен көлемде газ тасымалдау батыс өңірлеріне, тек қана Батыс Қазақстан емес. Және осы газ құбырлар арқылы еліміздің оңтүстік өңірлеріне де газ жеткізіліп жатыр. Бүгінгі той – үлкен мереке.
Басқарманың жарты ғасырлық тойына жиналған сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерге естелік медальдар мен алғыс хаттар, Құрмет грамоталары берілді. Әсіресе, осы істің бастауында тұрғандардың еңбегіне ерекше екпін түсірілді.
Павел Климов, газ саласының ардагері:
- Компрессорлық станцияны өз қолымызбен салдық. Осы жерге алғаш келгенде тіпті қадасы да қағылмаған еді. Уақытша тұруға 2-3 вагон қойып, жұмысты бастадық. Содан кейін құрал-жабдықтар келді. Ол кездегі еңбекті ерлік деуге болады.
Осы елу жылда Орал желілік-өндірістік басқармасы Батыс Қазақстан облысының қалалары мен ауылдарына, өнеркәсіптік кәсіпорындарына 60 млрд текше метрден астам табиғи газ жеткізген.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz