Конституция күні қарсаңында көкшетаулық 100 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа қонысқа ие болғандар бұған дейін апатты үйлерде тұрған. Жыл соңына дейін кезекте тұрған тағы 4 мыңнан астам тұрғын жаңа қонысқа көшеді деген жоспарланып отыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Беқожановтар отбасы ширек ғасырға жуық ескі жер үйде тұрды. Бүгін олар 3 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алды. Үй иелерінің көп жылғы арманы мереке қарсаңында орындалды.
Сағындық Бекқожанов, қала тұрғыны:
- Қуаныштымыз. Айтатын сөзім жоқ. Жүрегіміз толқып тұр. Менің ойымша, үйді әрі қарай сала беру керек. Басқа кісілер де осылай қуанышты болып, үйге кіретін жағдайлар болсын.
Облыс орталығында реновация бағдарламасымен 320 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Құрылысы аяқталған алғашқы блоктан 100 пәтер ескі және апатты үйлерден көшірілген отбасыларға берілді. Ал, қалған баспаналар көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға тиесілі.
Шынар Үсенова, қала тұрғыны:
- Жаңа шаңырақты көп күттік. Енді міне, біздің бақытымызды бөлісіп жатсыздар. Үш бөлмелі үйге кіріп жатырмыз. Қуаныштымын.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Президент бізге оң баға берді. Өйткені бір жарым жылдың ішінде 7 жылда берілетін пәтер санын осы бір жарым жылда орындадық. Реновация тек қана баспанамен қамту емес, ол мына қаланы сәулеттендіру, көгалдандыру, абаттандыру мәселесі.
Жалпы аймақта соңғы екі жылда 5 мыңға жуық отбасы жаңа қонысқа ие болды. Жауаптылардың сөзінше, бұл – мемлекеттік қолдау мен тиімді бағдарламаның нәтижесі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Конституцияның 30 жылдығы #Көкшетау #баспана #реновацияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz