Қарағандыдағы екі базар жабылуы мүмкін.
Себебі олар жаңарту жұмыстарын кешіктіріп отыр. Егер жыл соңына дейін қос базардағы сауда нысандары, инженерлік инфрақұрылым заманауи талапқа сай реттелмесе, жабылады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты. Қазір ел бойынша 100 базарды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Оның бесеуі Қарағанды облысында орналасқан.
Базар сатушыға да, сауда жасауға келген халыққа да жайлы болуы керек. Мұнда барлық жағдай қарастырылған және қауіпсіз болуы тиіс. Бұрынғыдай санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмайтын жабайы саудаға жол жоқ.
БЛИЦ
- Мына жерде козерогтар болды алып тастады. Мен өзі күнде келемін. Төбесін жапса жақсы болады. Өйткені қыста енді суық болады ғой, темір ғой.
- Енді ол жағдайды жасаған дұрыс қой. Былай жақсы, ылғи осы жерден аламыз. Бағалары да.
Бұл Қарағандыдағы ең үлкен базарлардың бірі, бірақ мұнда жаңғырту жұмыстары биыл бітпейді. Су мен кәріз желісін ауыстыруға, инфрақұрылымды жақсартуға бірнеше жыл керек. Жұмысты бастауға қаражат жоқ, дейді базар басшылары.
Михаил Шашков, компанияның атқарушы директоры:
- Бізге қиындық туғызып тұрған мәселе су және кәріз желісін жаңалау. Біз өз ақшамызды жұмсап жобалық-сметалық құжатын дайындап қойдық. Мұны қалаға тегін ұсынып отырмыз. Ары қарай жұмысты жүзеге асыруға қомақты қаражат қажет. Сондықтан жергілікті биліктен көмек сұраймыз. Бұл шығынды өзіміз көтере алмаймыз. Бизнесіміз ақсайды. Бұған қоса айтарым су мен кәріз жүйесі бізге ғана емес, осы маңдағы тұрғын үйлерге де қажет.
Жыл соңына дейін еліміздегі осындай 100 базарды заманауи үлгіде жаңғырту жоспарланған. Соның бесеуі Қарағанды облысында. Алайда екі сауда нысаны тапсырманы уақытында орындай алмай отыр.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Заңға сәйкес модернизация өтпеген базарлар олар әрі қарай жұмыс істей алмайды. Қарағанды облысында екі осынадй базар бар. Олар «Алтын арба» және «Горняк» деген. Олардың әкімшілігімен кездесіп, егер жұмыс істемейтін болса келесі жылы заң тұрғысында жауып тастаймыз.
Ұлттық даму жоспары аясында елімізде 2029 жылға дейін сауданың заманауи үлгідегі үлесін 70%-ға жеткізу көзделген. Бұл ретте базарлардың да сауда нысандары, инфарқұрылымы, инженерлік желілері түгел жаңалануы керек. Алайда ол кәсіпкерлерге жалға берілетін орын құны мен тауар бағасының өсуіне себеп болмауы тиіс, деді министр. Қарағанды облысында әлеуметтік маңызға ие тағамдардың ет, қант, қарақұмық, картоп сынды 14 түрінің бағасы республика көлемінде бекітілген орташа деңгейден қымбат. Арман Шаққалиев кәсіпкерлермен кездесу барысында бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. Жиында сауда саласына қатысты өзге де түйткілді мәселелер талқыланды.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #базар #жаңарту #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz