RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында «Отбасын қолдау орталығы» көмегіне 50 адам жүгінді

30.08.2025, 10:13 508

Түркістан облысында «Отбасын қолдау орталығы» құрылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастама Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға негізделді. Отбасы саясатын жүйелі жүргізуге арналған орталық әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қандай қызмет көрсетеді?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Шолаққорған ауылының тұрғыны Сандуғаш Байтуарова ішімдікке салынған күйеуінен әбден зәбір көрген. «Қорлыққа төзе-төзе шаңырағымнан шаттық, үйімнен береке кетті», - дейді бес баланың анасы. Ақыры амалы таусылған келіншек осы орталыққа келіп қолдау тапқанын айтады.

Сандуғаш Байтуарова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Бала-шағама мамандардың көмегі керек болды. Сол себепті жүгініп келдім, өзіме де психологиялық көмек керек болды. Заң жүзінде де көмегімді алып жатырмын. Психологиялық көмегімді де алып жатырмын. Жолдасымнан көп зәбір көрдім. Ұрып, бала-шағаммен талай көшеде түнеген кездерім болды.

Шолаққорған ауылындағы орталық сәуір айында ашылған. Мұнда психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер, кейс-менеджер сияқты оннан аса маман тұрғындарға қызмет көрсетеді. Олар бес айда өмірлік қиын жағдайға тап болған 50-ге жуық адамға көмек берген. Одан бөлек, осал топтағы азаматтарды әлеуметтік бағдарламаларға тартып, жұмыспен қамтылуына және кәсібін ашуға қол ұшын созады.

Біржан Саржанов, «Отбасын қолдау орталығының» бөлімше басшысы:

- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік деген қағиданы ұстанып, халықты сауаттандыру бойынша ұсыныс-пікірлерін назарға алып, бізде арнайы мобилдік топ бар. Яғни, полиция, білім, денсаулық саласынан. Сол бағытта жұмыстар атқарып, мәселелерін дер кезінде шешуге атсалысамыз. Созақ ауданында қазір пробация есебінде тұратын 52 азамат бар. Оларға әлеуметтік-психологиялық қолдау жұмыстарын жасаймыз. Биыл үш азамат қайтарымсыз грант алып, кәсібін ашып, жұмыс ітсеп жатыр.

Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға 1 айға дейін уақытша тұруға баспана беріледі. Тегін тамақ, жатын орынмен қамтылады. Осы уақыт аралығында құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетіледі. 

Әділ Елібаев, «Отбасын қолдау орталығының» директоры:

- 2 жатын бөлмеміз қарастырылған. Әр бөлмеден 3 орыннан бар. Ол жер толық жабдықталған. Ішінде ауа салқындатқыш, тоңазытқыш, шкафтары бар. Сонымен қатар бізде балаларды ойнататын алаңшамыз бар, асханамыз бар. Біз бір айға дейін ережеге сәйкес арнайы мамандарымыз жұмыс істеп, ол кісілерді татуластырып немесе басқа жағынан көмек беріп жатырмыз.

Бұл орталық уақытша паналау орны ғана емес, жаңа өмірге бастар жолдың бастауы іспетті. «Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық осындай қамқорлықтан басталады», - дейді орталық мамадары.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz