Конституция – елдің тұрақты дамуы мен бейбіт өмірдің, қоғамдық келісім мен ішкі бірліктің басты шарты. Түркістанда Конституция күніне орай «Ата заңым – айбыным!» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер майталмандары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты
Салтанатты шарада алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті мерекемен құттықтады. Ата заңымыз 30 жылдың ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің саяси тұрақтылығының ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуының да басты кепіліне айналғанын атап өтті.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Ағымдағы жылы жалпы құны 335 млрд теңге болатын 57 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 8136 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Осының ішінде 124 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл жетістіктеріміз Ата заңымыздың негізінде жүзеге асып отыр. Констицияның 30 жылдығы тек мереке ғана емес, өткенге баға беріп, болашаққа бағдар жасайтын тарихи белес.
Мерекелік жиында облыс басшысы елдің нығаюы мен өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалін, Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хаты мен облыс әкімінің грамотасын табыстады.
Болатбек Рахманов, электрик:
- Төлеби ауданынан келіп отырмын. Электрик болып істегеніме 40 жыл болды. Мереке қарсаңында облыс әкімінің алғыс хатын алып отырғаныма ризамын.
Гүлзада Иманбай, музей қызметкері:
- Мен Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында кадр маманы болып жұмыс істеймін. Еңбек өтілім 32 жыл. Бүгінгі Ата заң мерекесіне орай марапатталып отырмын. Өте қуаныштымын.
Қанат Жәнібеков, слесарь:
- Мен Түркістан қаласында слесарь жұмысын 10 жылдан бері атқарамын. Констиция күніне орай еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқанына үлкен рахмет.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Авторлары: Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан #Конституция күні #мерекелік шара #облыс әкімі #марапат
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz