Қарағандыда Конституция күніне арналған салтанатты шарада үздік полицейлер, мемлекеттік қызмет ардагерлері мен әскерилер марапатталды.
Сонымен қатар жоғары оқу орнына түскен талапкерлерге облыс әкімінің білім гранты табысталды. «Ата заңға 30 жыл: Тәуелсіз мемлекеттің берік тұғыры» атты облыстық форумда мемлекеттік қызметке алынған жас мамандар ант қабылдады.
Конституцияның 30 жылдығына арналған облыстық форумға 20 мыңнан астам адам жиналды. Жұртшылықты мерекемен құттықтаған өңір басшысы, Конституция барлық заңның бастауы, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі екенін атап өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Осы 30 жылда тәуелсіз елімізбен бірге конституциямыз да эволюциялық дамуды бастан өткерді. Үш жыл бұрынғы конституциялық реформа елдегі саяси реформаларды толықтырып, іргелі өзгерістерге жол ашты. Заң мен тәртіп - мемлекет тұрақтылығының негізі. Бұл қағидат қоғамдағы барша азаматқа ортақ жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді.
Салтанатты шарада мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, әскерилер мен ішкі істер органының қызметкерлері марапатталды. Бұл күні заң мен тәртіпті қадағалауда мүлтіксіз қызмет еткен үздік екі учаскелік полицейге облыс әкімі атынан 2 миллион теңге берілді. Бұған қоса жоғары оқу орынына түскен талапкерлерге білім гранты табысталды.
Серіжан Жандосұлы, учаскелік полиция инспекторы:
- Конституциямыздың 30 жылдығына орай облыс әкімінен сыйлық алып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Конституция біз үшін заңдардың ата заңы ғой. Заң мен тәртіп аясында қызмет атқарып жатырмыз. Қаншама заңнамалар қабылданып жатыр. Сол тұрғыда халықтың игілігіне жұмыс атқарып жатырмыз.
Форум аясында тегін құқықтық кеңес беру жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке енді келген жас мамандар ант қабылдады. Салтанатты шара соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертке ұласты.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #Конституцияның 30 жылдығы #форум #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz