RU
Толық нұсқаға өту

Білім күнінде жаңа мектептер ашылды

01.09.2025, 21:08 480

Бүгін Қарағанды мен Балқаш қалаларында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошақтары ашылды. Сондай-ақ Қарқаралы ауданының Талды ауылында апатты мектептің орнына салынған оқу ордасы да пайдалануға берілді. Биыл өңірде 15800 бала бірінші сыныпқа барған. 

Балқашта ашылған мектеп 900 оқушыға арналған. Білім ошағының пайдалануға берілуі қаладағы бірнеше мектептегі орын тапшылығын шешіп отыр. Жаңа оқу ордасында бес бірінші сынып ашылған.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 оқушыға арналған мектепте балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Жаңа мектеп әділдік, отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын бойына сіңіретін, еліміздің адал азамат қағидаттарына негізделген тәрбие ордасы болмақ.

Мектепте пәндік сабақтар бойынша STEM зертханалары, робототехника кабинеті, дене шынықтыру және жиын залдары бар. Ал ауласы абаттандырылып, заманауи спорт алаңы салынған. Осындай мектеп Қарғанды қаласының Гүлдер шағын ауданында да ашылды. Оқу ордасы 300 балаға арналған. Мұнда Ыбырай Алтынсарин атындағы үш ауысымдық мектептің біраз оқушысы келді.

Гүлден Құсайынова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мектепке жақын тұрамыз. Жаңа мектепке арнайы немеремді алып келдім. 1-қыркүйек күні мектеп табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Ата-аналардың, ұстаздардың үміті ақталып, Жаңа Қазақстанның патриот, білімді азаматы болып өссе деп тілеймін!

Білім күнінде Талды ауылындағы апатты мектептің орнына салынған білім ошағы да ашылды. Жалпы Қарағанды облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 10 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа білім ошақтары әр жерде кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Облыс бойынша 420 мектеп бар. Оларда 175 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 15 800 бала барды.

Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz