RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысында алғашқы заманауи мектеп ашылды

01.09.2025, 21:17 423

Ұлытау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы білім ұясы қолданысқа берілді.

Заманауи мектеп Жезқазғанға қарасты Қабанбай шағын ауданында бой көтерді. 300 оқушыға арналған мектеп ғимараты кең және соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған.

200-ден астам отбасы тұратын Қабанбай ауылында бұрын-соңды мектеп болмаған. Ауыл балалары Жезқазғанға қатынап оқитын. Енді олар озық үлгіде жабдықталған заманауи мектепте білім алады.

Аяна Мукеева, Қабанбай ауылының тұрғыны:

- Бұл тарихи сәт деп айтуға болады. Қабанбай батыр ауылына тұңғыш рет салынған мектеп. Ішінде барлық жағдай жасалған. Қуанышымызда шек жоқ.

Ләззат Жұмабекова, Қабанбай ауылының тұрғыны:

- Бұрын ауылда мектеп болған жоқ. Балалар автобуспен қатынап оқыды. Енді немеремді осы мектепке алып келдім.

Білім ордасы бейнебақылау және дабыл жүйесімен жарақтандырылған. Әр сыныпта интерактивті тақта мен мұғалімдерге арналған компьютерлер қойылған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалған.

Інжу Мұхамбет, оқушы:

- Мектеп керемет, әдемі. Сырты да, іші де ұнады. Мектепте кабинеттер, орындық, парталар барлығы әдемі жасалған.

Медет Сейтбек, мектеп директоры:

- Көптеген шеберханалар бар. Робототехника, СТЕМ кабинеті бар. Акт залының өзінде қосымша актерлық жұмыстар жасауға мүмкіндік береді. Сол жұмыстардың барлығы сабақтан тыс уақытта жүргізілетін болады.

Бұл - «Келешек мектептері» жобасымен салынған өңірдегі алғашқы нысан. Облыс бойынша үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ. Орын тапшылығын жою үшін жыл соңына дейін Манадыр ауылы мен Қаражал қаласында екі мектеп ашылады. Бұдан бөлек білім ұяларын жаңғырту жобасы аясында биыл 7 мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz