RU
Толық нұсқаға өту

Талайды тамсандырған тазылар

03.09.2025, 09:12 376

Бүгін – қазақы ит тұқымдарының күні. Былтыр дәл осы күні Халықаралық кинология одағы тазыны ресми түрде қазақстандық тұқым ретінде мойындады. 

Сөйтіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 3 қыркүйекті қазақы ит тұқымдарының күні деп жариялады.

Асыл қазынамыз тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді. Бүгінде шашаққұлақтылардың өсуіне өз үлесін қосып, астына тонын төсеп, төріне шығарып жүрген саятшының бірі – Ернар Мүптекеев. Итбегі Алатаудың баурайында 17 тазы баптап отыр.

Ернар Мүптекеев, итбегі:

- Тазыға қарасаңыз, таза стандарт құлағы, басы, бойы, кеудесі кең, мына жерден төрт саусақ сыяды. Құйрығы тірсектен кем болмау керек. Мына тазы осы стандартқа келеді.

Қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ресми тіркелген 3 мыңнан аса тазы бар. Мамандардың айтуынша қазақ тазы­сының бойы – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі. Ал жылдамдығы сағатына 50 шақырым. Алғыр құмай секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кей кездерде 70-100 мың тербелісті қабылдап, ажырата алады. Әрі иіс сезу мүмкіндігі 1,5 метр.

Тазыны Мемлекет басшысының ауласынан да көруге болады. Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 бірдей құмайы бар. Кішісі Наурыз 2-ден асса, үлкені Нэнси 6 қар басқан. Ал үшінші тазы Ронни 5 жаста. Президенттің Франция басшысына сыйлаған күшіктері де ел есінде. Бүгінде Эмманюэль Макронның Жанна мен Жюль атты қос бірдей тазысы бар.

Біздің Президенттің сыйлығы Макронға деген. Ол құрметінің бір белгісі және біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы тазыны қолдау ретінде, насихаттау ретінде сондай сыйлықты беріп жүр. Қазіргі таңда әлемде бәрі біледі деп айта алмаймын. Стандарттарды ағылшын, испан, неміс тілдеріне аударып, бүкіл әлемге таратуымыз керек. Сол жұмыстарды қазір атқарып жатырмыз.

Былтыр дәл осы күні Халықаралық кинология одағы тазыны ресми түрде Қазақстандық тұқым ретінде мойындады. Сөйтіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 3 қыркүйекті қазақы ит тұқымдарының күні деп жариялады.

Кейінгі жылдары тазы тұқымы көбейіп келеді. Оған елде өтетін шырға тарту жарыстары, сәндікке арналған көрмелер себеп. Тазы жанашыры Ернар Мүптекеев қазақ тазысын әлемдік деңгейде жер жаһанға барынша танытқысы келеді. Осы жолда еңбектеніп те жүр. Құмайға қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден сұраныс бар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz