RU
Толық нұсқаға өту

Мектептерде мобильді топтар құрылды

04.09.2025, 23:10 415

Бас қаладағы барлық мектепте мобильді топтар құрылды.

Бірлестік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ниетті. Бұдан бөлек, лудомания, буллинг секілді кеселдермен күресуге бейіл. Келісіп пішілген тон келте болмас. Мектеп жанынан құрылған мобильді топтың өкілдері оқушылар сарайында бас қосып, келелі кеңес өткізді. Жиында  құзырлы органдар мен білім басқармасының қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, психолог, спортшы секілді сала өкілдері бой көрсетті. Яғни алда тентектерді тезге салу үшін барлық тәрбие құрылымдары түгел жұмылдырылады.  

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұған дейін балалардың құқық бұзушылығы үшін мектеп директорлары жауап беріп келді. Жасөпірімдердің бұзақылығынан білім мекемелерінің басшылары жазаға тартылды. Дегенмен бұлай болмайды. Тәрбие ісінде тәртіп сақшылары, әкімшілік қызметкерлері, өзге де сала өкілдері бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл ұстаздардың жауапкершілігін жеңілдету емес. Директорларды  методикалық тәртіптен тыс жұмыспен алаңдатпауымыз керек.

Сондай-ақ жиында бірлестіктің болашақтағы жұмыс жоспары сөз болды. Айталық, қыркүйектен бастап жоғары сынып оқушылары үшін профилактикалық дәрістер, тәуекел тобындағы балалардың отбасыларымен кездесулер өтеді. Бұдан бөлек, тыйым салынған тауар түрлерін тұтынбау туралы тақырыптық тренингтер ұйымдастырылады.

Қасымхан Сенғазыев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

- Жұмысты жүргізгенде мектеп директоры өзі модератор болу керек. Барлық маңыздылықты балаларға айтып түсіндіру керек. Қалай ұйымдастыру керектігін 16 топтың былтырғы жұмыс жасаған әріптестері біледі. Осы аптада барлық материалдар жеткізіліп беріледі.

Алда ата-аналарға да түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Сайып келгенде, бала үшін алдымен үйдегі үлкендер жауапты. Сол себепті де топ мүшелері тұрғындарды тәрбие ісіне тыянақтылық танытуға шақырды.

Шернияз Жалғасбекұлы, Ділмұрат Сейдаханов, 24KZ

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz