RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 13 мың самокатшыға айыппұл салынды

05.09.2025, 09:46 458

Алматыда электросамокат тізгіндегендер соңғы кездері жиі сынға қалып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Себебі ережені көп бұзады. Оған полицияның есебі дәлел. Жыл басынан бері қалада қос дөңгелекті көлік мінген 13 мың адамға айыппұл салыныпты. Самокатты көбіне жастар қолданады. Сондықтан алматылық тәртіп сақшылары жаңа оқу жылы бастала сала профилактикалық шараларды күшейтті.

Әдетте автомобиль, мотоциклмен жүретін тәртіп сақшылары бүгінгі рейдке самокатпен де шықты. Жол жүру ережелерін еске салып, тәртіпке бағынбағандарына ескерту жасады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Самокатты 16 жасқа толмағандар тізгіндесе ата-анасына айыппұл салынады. Онсыз да айыппұл арқалағандар аз емес. Жыл басынан бері аталған қос дөңгелекті көлікті тізгіндеп, жол жүру ережесін бұзған 13 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қаладағы самокаттың саны артқанымен, самокатшылардың мәдениеті артпай отыр. Оған әлеуметтік желідегі бейнелер дәлел. Көлікке соқтығысып, жаяуларды қағып кету жиі кездеседі. Жолдың үстіне немесе арыққа лақтырып кететіндер де аз емес. Сақшылар болса, самокатты тізгіндеу тәртібі қарапайым екенін, тұрғындардан соны ескеруді сұрайды.

Тимур Ноғайбаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Самокат жүргізушісі арнайы велосипедке арналған жолақпен ғана жүреді. Велосипед жолағы болмаған жағдайда сағатына 6 шақырымнан аспай осы жаяу жүргінші жүретін жолақпен жүреді. Жаяу жүргінші жолағы болмаған жағдайда, өзінде көлік құралын жүргізу куәлігі болған жағдайда жалпы осы қоғамдық көлік жүретін жолмен жүруге рұқсаты бар. Енді өзінің арнайы құралы болған жағдайда.

Самокатшылардың көбі мінгесіп жүру, жылдамдықты асыру, көше қиылысынан самокатпен өту ережелерін жиі бұзады. Кәмелетке толмағандар да көп қолданады. 16 жасқа толмаған 20 баланың ата-анасы айыппұл арқалапты. Қала тұрғындары қос дөңгелекті көліктің ыңғайлы екенін, бірақ ережеге бағынбайтындар көп екенін айтады.

Блиц 1:

- Өте ыңғайлы транспорт деп ойлаймын. Себебі қалада халық саны көп қой. Кептеліс болады, содан сабаққа үлгермей қалатын кездер болады. Сол кезде өте ыңғайлы, тез жетесің.

Блиц 2:

- Мен көзіммен көргенмін, автобустан түсіп, екі баланы қағып кетті. Бір жап-жас бала, ол тоқтаған да жоқ, ары қарай өтіп кетті. Мүлдем қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен өзім қарсымын.

Блиц 2:

- Самокат деген жақсы негізі, алыс жерлерге сонымен барасың, маршруттар жоқ кезде әдемі. Бірақ самокатқа бір адам мінген дұрыс, екі адам мінген қате болады.

Полицияның мәліметінше, бүгінге дейін самокатшылар 273 жол-көлік оқиғасына себепкер болған. Соның кесірінен 300-ге жуық адам зардап шегіпті. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ. Тәртіп бұзған адамдар мінген электросамокаттар айып тұрағына жіберілген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz