Әуе кемесі ең қауіпсіз көлік саналады.
Сондықтан да күніне әлем бойынша 10 миллион жолаушы ұшақпен қатынайды. Бұл жылына 4 миллиард адам әуе көлігін пайдаланады деген сөз. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының деректері осылай сөйледі. Ал, біздің елде осы әуе көлігіндегі қауіпсіздік неден басталады? Аспанда алаңсыз қалықтау үшін кімнің жауапкершілігі мығым болуы қажет.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Ұшақ алысты жақын қылған ең қауіпсіз көлік саналады. Алайда әуе кеңістігінде түрлі себеппен талай ұшақ апатқа ұшырады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде жылына 100-ден астам әуе кемесі аспанда апатқа ұшырады. Кейінгі 10 жыл ішінде қайғылы оқиғалардың 21 пайызы ұшу, 71 пайызы қону кезінде болған. Алысқа бармай, өзіміздің елді мысал етсек. Өткен 17 тамызда Ақмола облысында шағын ұшақ құлап, ұшқыш пен жолаушы қаза тапқанын білесіздер. Ал 22 маусымда Астанадағы Жоламан аэродромы маңында жеңіл моторлы әуе көлігі апатқа ұшырады. Онда да ұшқыш пен жолаушы опат болды. Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда барлық шағын авиация жоспардан тыс тексерілетін болды.
ЦИТАТА: Шағын авиация жоспардан тыс тексеріледі
«Ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі. Сондай-ақ, жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметі де тексеріледі». ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВИАЦИЯЛЫҚ ӘКІМШІЛІГІ.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, елде жолаушылар тасымалдауға арналған 415 әуе кемесі бар. Оның 236-сы – әуе компанияларының меншігі, 103-і – жалға алынған, 76-сы – лизингте. Коммерциялық тасымал ұйымдастыратын ұшақтардың басым бөлігінің шыққан уақыты 13 жылдан асса, әуе жұмысын атқаратын кей ұшақ 30 жыл пайдаланылған. Әрине, 13 жыл қолданыстағы ұшақ үшін көп уақыт емес. Сонда да сақтықта қорлық жоқ. Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының арнайы тексеруінен өтіп жатыр. Бұған дейін еліміздің әуе қауіпсіздік көрсеткіші 82 пайызға жеткен.
Абыл Кекілбаев, авиация сарапшысы
Ұшақтағы қауіпсіздік, техникалық тексерістерден бөлек, жолаушылардың тәртібіне тікелей байланысты. Мұны сала мамандары жаңылмай айтып келеді. Осы тұста біз Астанадағы әуежайдың тексеру бөлімінің инспекторларымен тілдесіп көрдік. Олар жолаушының ұшаққа отырғанға дейінгі қауіпсіздігіне жауап беретінін айтады. Себебі, әуедегі қауіпсіздік әр жолаушының жауапкершілігіне байланысты.
Алмас Әділов, тексеру бөлімшесінің инспекторы:
- Мына жерде біздің тексеру құрылғылар бар. Мұнда сізді ең әуелі тексеру бөлімшесінің инспекторы қарсы алады. Қорап беріп сізден қол жүгіңізде тыйым салынған заттар жоқ па деп сұрады. Су болса осында ішіп алып қоқысқа тастайсыз. Мәселе суда емес, ол шампунь, крем, мөлшері 100мл асса ол қол жүгінде тыйым салынған. Ол 673-қаулыда жазылған. Заңға бағынуымыз керек.
Анықтамада бәрі жазылып тұр. Қандай затты өзімен алуға болмайды, Қайсысын алу керектігі бәрі бар. Тағы бір мәселе үлкен жүктерде электронды заттарды тасуға болмайды. Пауер банк, ноутбук, планшеттелефон, эл темекі сияқти заттарды багажбен тасуға рұқсат етілмеген. Егер әуе кемесі ұшқанда багаж бөлімінде ешкім болмайды. Ол электронды заттар әуеде өздігінен жануы мүмкін. Сондықтан ондай заттарды біз жолаушылардың қол жүгіне береміз.
ҚОЛ ЖҮГІНЕ САЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЗАТТАР:
Өткір заттар,
100 мл-ден асатын косметикалық сұйықтықтар,
Аэрозоль,
Гельдер,
Зауыттық қаптамасы жоқ тағам түрлері.
Жол жүгіне салуға тыйым салынған заттар:
1. Жарылатын заттар: порох, петарда, бенгал оты.2. Сіріңке мен оттықтар
3. Химикаттар.
4. Қару.
5. Радиоактивті материалдар мен улы заттар.
Қазақстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздік талаптарына сай ереже бар. Әуе көлігімен тыйым салынған заттарды тасымалдауға жол жоқ. Жолаушылар қауіпті заттардың тізімімен алдын ала танысуы тиіс. Тіпті ұшақ ішінде не әуежайда белгілі ережелерді сақтамағаны үшін жолаушылар өз елінің заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының дерегі бойынша, мәселен, АҚШ азаматы салон ішінде агрессивті мінез-құлық танытса, 37 мың доллар айыппұл арқалайды. Егер бұл келеңсіздік қайталанатын болса, құқықбұзушы сол әуекомпанияның қара тізіміне еніп, ұшу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Сингапурде жолаушы ұшақ ішінде темекі тұтатса, 5 мың долларға дейін айыппұл төлейді немесе 12 айға дейін қамауда отырады. Ал біздің елде тыйым салынған заттардың тасымалы үшін жаза қатаң. Қару жарақ, оқ дәрі алып өтпек болған адам түрмеге тоғытылады.
Тыйым салынған заттардың тасымалы үшін көзделген жаза түрлері:
- Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз тасымалдағаны - 20 АЕК айыппұл;
- Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу - 10 АЕК айыппұл;
- Қаруды, оқдәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз тасымалдап алып жүру - 5 000 АЕК айыппұл салынады. Немесе 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұланғайыр қазақ елінің аспанын күніне мыңдаған әуе транспорты кесіп өтеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ‒ ауыр міндет. Осындай жауапт міндеттердің бірін - Қазаэронавигацияның әуе диспетчерлері. Ондағы мамандар Әуе қозғалысын жоспарлаудан бастап, ұшақтардың ұшып-қонуын секунд сайын қалт жібермей қадағалайды.
Жомарт Оңаев, «Қазаэронавигация» РМК әуе диспетчері:
- Қазақстан бойынша шамамен күніне 1000 рейс. Транзиттік рейстердің саны 3 мыңға жетуі мүмкін. Халықаралық және ішкі рейстер бар. Әрбір диспетчердің жұмысына келетін болсақ ұшақта пилот басқарады. Бір ұшақта мысалы 150-200 адам болуы мүмкін. Ал диспетчер күніне шамамен бір уақытта 5-10 мыңнан көп адам болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз сол жолаушыларды бір бағыттан екінші бағытқа аман есен қондыру. Бізде жауапкершілік өте жоғары. Бәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге біз ат салысамыз.
Айта кетейік, апта сайын 600-ден астам елішілік әуе рейсі орындалады екен. Шетелге аттанатын рейс саны да сол жоба. Басты назарда ұшақтағы жолаушының қауіпсіздігі. Ал ұшу барысындағы жауапкершілік бәріне ортақ.
Тегтер #әуе #қауіпсіздік #Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz