Атырауда мұнай-газ саласының мамандарын даярлайтын бірегей оқу-өндірістік полигоны пайдалануға берілді.
Білім беру нысаны елімізде алғаш рет Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында ашылды. Оқу-өндірістік полигоны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес мекемесі «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қолдауымен салынған. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы, Энергетика вице-министрі, сала ардагерлері мен университет ұжымы қатысты.
Оқу-өндірістік полигонында студенттер заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйреніп, кәсіби дағдысын дамыта алады. Бұл – еліміздегі теңдессіз өндірістік тәжірибе алаңы.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ» басқарма төрағасы:
- Бұл жерде біліктілікті арттырып, кәсіби мамандықтарды оқытатын боламыз. Геология, бұрғылау, одан кейін мұнай өндіру, одан кейін мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы, яғни бүкіл сатыларда мамандарды даярлайтын оқу полигоны болып саналады.
4 гектар аумақты алып жатқан оқу полигонында жер қойнауын барлаудан бастап, мұнай өндіру процессін игеруге толық мүмкіндік бар. Мұнда білім алған студенттер өндіріске дайын маман боп барады.
Асхат Абужайт, студент:
- Оқу-өндірістік полигонын салып жатқан Ембімұнайгаз ұжымына өте үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Студенттердің дамуына, өрлеуіне, жаңа бағыттар ашып, тәжірибе жинауына өте үлкен көмек.
Оқу-өндірістік полигоны дәнекерлеуші, темір жонушы секілді сұранысқа ие мамандарды да даярлауға мүмкіндік береді. Ал әкімшілік ғимараттағы химиялық талдау зертханасы мен оқу кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Гүлзада Шакуликова, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры:
- Осы өңірдің өндірістік ғылым саласын әрі қарай нығайту біздің мақсатымыз. Президенттің тапсырмасы бойынша, осы полигон жалпы өндірістік ғылымға үлкен серпіліс береді деген үміттеміз.
Оқу-өндірістік полигоны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес мекемесі «Ембімұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен салынды. Осылайша кәсіпорын білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, білікті мамандарды әзірлеуге қолдау көрсетіп отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұнайгаз #Атырау #Жолдау 2025 #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz