Алматы облысында туристік нысандарға апаратын тас жолдар жөнделіп жатыр. Биыл Кеген - Нарынқол тас жолының 74 шақырымы, Жалаңаш – Саты жолының 6 шақырымы жөнделеді. Ал өткен ғасырдың 80 жылдарында салынған Көкпек – Шонжы күре жолын орташа жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шекаралық аймақтарды дамытуға баса мән беру керегін айтты. Ұйғыр ауданындағы ыстық су көздеріне апаратын Көкпек – Шонжы тас жолының ұзындығы 85 шақырым. Бұл жол бөлігі соңғы рет 20 жыл бұрын орташа жөндеуден өткен.
Досбол Тепкішов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Бұл жолдардың таңдалған себебі 80 - 90 жылдары жасалған жол, ескірген. Халық көп шағымданды, жүру қарқындылығы төмендегеннен кейін осы жолдарды орташа жөндеу арқылы қалыпқа келтіру жоспарда болды, енді салып жатырмыз.
Нұржан Асқарұлы, учаске басшысы:
- Негізі жоба бойынша 42 км бітіру керек. Биылға астыңғы жамылғы ірітүйіршікті асфальтбетонмен бітірсек пе деп ойлап отырмыз. Қалған беткі жамылғысын ұсақтүйіршіктімен келесі жылға жоспарланып отыр. Өзіміздің компаниямыздың жұмысшылары мен осы жердің оншақты тұрғындарынан жұмысшы алдық.
Аталған жол бөлігінде 30 техника мен 27 адам жұмыс істеп жатыр. Оның құрылысы келер жылы толық аяқталады. «Демалушылардың ыстық су көздеріне кедергісіз қатынауы үшін қазан айында бірінші жамылғысы төселіп бітеді», - дейді мамандар.
Құрметхан Жидебаев, Ұйғыр ауданының тұрғыны:
- Мына тұрған жеріміз – Шарын өзенінің шатқалы. Өте қиын шатқал еді. Қазір, міне, мердігерлер, үкімет көңіл бөліп, үлкен шаруа атқарылып жатыр, өздеріңіз көріп тұрғандай. Жергілікті халыққа, мына Қытаймен байланысып отырған шекаралық аймаққа өте үлкен ықпалы бар деп ойлаймыз. Туристер бар, кәсіпкерлер бар, бұл жолдың бәріне көп көмегі бар ғой.
Жалаңаш – Саты жолының 6 шақырымы, «Кеген – Нарынқол» тас жолының 74 шақырымы биыл жөнделіп бітуі тиіс. Жергілікті тұрғындар тарапынан бұған дейін аталған жолдардың жағдайына қатысты сын-ескертпе көп айтылды. Алматы облысы бойынша биыл жалпы ұзындығы 247 шақырым республикалық тас жол орташа жөндеуден өтеді. Соның 200 шақырымы туристер көп баратын Кеген, Райымбек, Ұйғыр сияқты шекаралық аудандардың аумағымен өтеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #тас жол #жөндеу жұмыстары #Жолдау 2025Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz