RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе әуежайы аэрохабқа айналады

10.09.2025, 21:12 319

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «ҚМГ-Аэро» АҚ Ақтөбе әуежайында отын құю кешенінің құрылысын бастады.

Әуе айлағы болашақта авиациялық хабқа айналуы тиіс. Жаңа жанармай құю станциясының салынуы – осы міндетті жүзеге асырудағы маңызды кезеңнің бірі. Әуе жүк тасымалдарын дамыту қажеттілігі туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап өткен еді.

Инвестициялық жоба екі кезеңде іске асырылады. Бастапқы кезеңде әуежай аумағында мобильді отын құю кешені бой көтеріп, екі отын құю көлігі сатып алынады. Олардың бірі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Екінші негізгі кезеңде сыйымдылығы 20 мың текше метрден асатын резервуарлар паркі бой көтереді. Жаңа отын құю кешені әуе кемелерін РТ және ТС-1 маркалы отындармен қатар халықаралық нарықта сұранысқа ие Jet A-1 авиаотынымен де қамтамасыз  етпек.

Ильдар Шамсутдинов, «Қазмұнайгаз-аэро» ЖШС бас директоры:

- Әкімдік бізге 1 гектар жер бөлді. Қазіргі уақытта практикалық кезең басталды, инженерлік-геологиялық жұмыстар жүргізілуде. Яғни біз топырақтан сынама алып, құрылыс кезінде түсетін жүктемені есептеу үшін талдау жасаймыз, жер асты сулары бар ма, жоқ па, соны анықтаймыз. Бұдан кейін мемлекеттік сараптамаға жолданып, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу мен құрылыс кезеңіне көшеміз.

Ақтөбе халықаралық әуежайы авиациялық хабқа айналады. Ол үшін мұнда жанармай құю кешенімен қатар заманауи қоймалар салынады. Сондай-ақ мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылған.

Дастан Мәлиев, «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жобалардың барлығы түптің түбінде Ақтөбе әуежайының жүк хабы ретінде дамуына жол ашады. Жүк тасымалының ағыны 2-3 есеге артатыны сөзсіз, себебі біз қазіргі заманға сай инфрақұрылымы бар жанармай құю кешені мен заманауи қоймалар салып жатырмыз.

Жанармай құю кешенінің құрылысына жұмсалатын инвестиция көлемі шамамен 5 млрд теңге. Нәтижесінде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны 2027 жылға қарай толық аяқтау көзделген.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz