RU
Толық нұсқаға өту

Алаяқтардан 66 млн қоңырау бұғатталды

11.09.2025, 12:56 437

Биыл интернет-алаяқтық 22%-ға артты. Осы жылы 8 айда 17 мыңнан астам дерек тіркелді. Заңсыз әрекеттерден 6 млрд теңгеден астам залал келген, бірақ оның тек 26% жәбірленушіге қайтарылды. Бұл Бас прокуроратураның ақпараты. Ал Ішкі істер министрлігі жаңа-алаяқтық схемасын анықтады.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Банк картаңыздағы деректерді таратпаңыз. Күмәнді сілтемелерден өтпеңіз, танымайтын азаматтарға ақша аудармаңыз. Алаяқтардан сақтанудың басты жолы осы болған. Бірақ бұл да қазір көмектеспейді. Себебі айласын асырып, шоттағы ақшаны бір-ақ сәтте қолды қылатындар жаңа тәсілдерді ойлап тапты. Енді алаяқтар «сізге сәлемдеме бар» деп хабарласатын болған. Санжар Жаксынбетов, қала тұрғыны:

- Жақында маған белгісіз біреу хабарласып, сәлемдеме келгенін айтты. Оны алу үшін 1414 нөмірінен келетін «код»-ты айтуды сұрады. Егер «код»-ты айтпасам, маған айыппұл салынатын айтты. Тіпті төлемге күн сайын 30% үстемақы қосалады деп қорқытты. Бірақ мен ешнәрсеге тапсырыс бермегендіктен, бұл қоңырау бірден күмәнді болып көрінді. Оның үстіне хабарласқан адам менің мекен-жайымды емес, басқа бір ауылдың атын атады. Сол сәтте бұл алаяқтардың қоңырауы екенін түсіндім.  Қазір өте сақ болу керек.

Иә, қазір инетернет-алаяқтар қауіпсіздік қызметкері, тәртіп сақшылары атынан қоңырау шалады. Маркетплейстер мен әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашып, өтірік тауар сатады. Алдын ала төлемдер алып, алдайды. Тіпті брокелердің атын жамылып, жалған инвестициялық қор құрады. Жаңа технологияларды пайдаланып, жақындарыңыздың дауысына ұқсатып хабаралады. Бірақ осы айтылғанның бәрінен ең көп кездесетіні жалған хабарламалар мен қоңыраулар. Бүгінде Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейту үшін осындай қоңырауларды бұғаттау жүйесі жұмыс істейді. 2022 жылдың қараша айынан бері шетелден күмәнді болып көрінген 66 млн қоңырау бұғатталды.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

- Алаяқтар sim-box деген құрылғыларды пайдаланады. Оларды Қазақстан территориясында орналастырып,  ішінде қазақстандық sim карталар салады. Осылайша, алаяқтар шетелден хабарласса да, жаңағы құрылғылар мен gsm шлюз арқылы қоңырау отандық абоненттерден келгендей көрінеді. Бірақ шын мәнінде алаяқ басқа мемелкеттен хабарласады. Біз Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында осындай құралдарды анықтадық.

Алаяқтықпен күресте қаржы институтын күшейту керек. Банк сарапшысы Нұржан Бияқаев осындай пікірге саяды. Оның айтуынша, несие алуды күрделендіріп, банк жүйесін қатаңдату керек, қажет болса, онлайн-несие беруді уақытша тоқтата тұру керек. Бірақ әзірге онлайн-қарызға қатытысты тек «шешім қабылдау» кезеңі деген жаңашылдық енгізілді. Оған сәйкес несие қаражаты шотқа бірден аударылмайды, бір тәулікке күтуге тура келеді.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- 2025 жылдың бірінші жартысында алаяқтықтан 15 млрд теңгеге жуық залал келді. Алаяқтық жүйелердің артында әдетте шетелдік азаматтар тұрады. Бұл трансұлттық топтар. Олар Ресей, Украина, Беларусь елдерінде болуы мүмкін. Алаяқтық жолмен алынған қаржы қылмыскерге қажет валютаға аударылады немесе биткоинға айналады. Сондықтан әрі қарай ол тізбекті анықтау қиын.

Биыл құзырлы органдар 5 ұйымдасқан қылмыстық топ, 1 трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Оңай жолмен ақша табуды іздеген мыңнан астам адам темірторға қамалды. Бірақ осындай «онлайн» қылмыстар әлі тыйылмай тұр. Сондықтан мамандар қазақстандықтарға қырағылық танытуға шақырады. Себебі әр қоңыраудың артында, алаяқ болуы мүмкін. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Наргиз Бекмағанбет, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz