RU
Толық нұсқаға өту

Атырауға ДДҰ сарапшылары келді

12.09.2025, 18:05 328

Атырауға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары келді.

Олар   өңір тұрғындарының денсаулығына зиян тигізіп отырған экологиялық факторларды зерттеп, жергілікті мамандарға қажетті кеңес береді. Мәселелерді шешу жолдары мен қаржыландыру жағын бірлесе талқылайды. Облыс әкімінің бастамасымен өңірге табан тіреген делегация алдымен медициналық мекеме басшылары, қоғам белсенділері және мұнай-газ мекемелерінің өкілдерімен кездесті. Жиын туралы әріптесім тарқатады.

Халықаралық сарапшылардың өңірге келуі – экология және тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселелеріне қатысты жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді. Жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар зерттеу тәртібі мен мерзімін айқындайтын жол Картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Қайсар Абдалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біз осыдан 1,5 жыл бұрын бұл келіссөзді бастаған болатынбыз. Германия мемлекетінің Бон қаласындағы ұлттық ғылыми орталығы да осы жұмысқа кіріседі. Бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша жаңа облыс әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов тапсырғандай, нақты шаралар қабылданатын болады және бұл жұмыс әрі қарай жанданады.

Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу жолдарын талқылап, өңір экологиясын жақсарту үшін халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселесін ақылдасты. «Жергілікті биліктің қолдауы өзекті проблемаларды шешуге мүмкіндік береді»,- дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Робб Батлер.

Робб Батлер, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры:

- Өндіріс орындарынан қоршаған ортаға келетін зиянды анықтап, тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін облыс басшылығына көмек көрсетуге әзірміз. Біз жүргізетін зерттеулердің нәтижесінде олар нақты шара қабылдай алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамалық зерттеулері жоғары ғылыми дәлдігімен және жүйелілігімен ерекшеленеді. Зерделеу жұмысының нәтижесінде адам денсаулығына қауіпті факторлар анықталып, оларды жоюға қатысты шара қолдануға мүмкіндік береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz