RU
Толық нұсқаға өту

Астанада Сыр өңірі өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

13.09.2025, 17:45 376

Елордада Сыр өңірі ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Дәстүрлі шараға  70-ке жуық шаруа қатысып, ала жаздай төккен  терінің жемісін жұртшылыққа төмен бағада ұсынды.

Биыл Cыр өңірінде бақша дақылдары бітік шықты. Әсіресе Қармақшы ауданының шаруалары олжалы. Дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз Төребай ауылының ғана емес, тұтас өңірдің мақтанышы. Ала жаздай ырыздығын жерден терген дихандар бүгін өнімін төмен бағада елордалықтарға ұсынды.

Дәурен Қалдашбаев, шаруа қожалығының иесі:

- Қармақшы ауданы бойынша Төребай би ауылы бірінші ауыл деп мақтанып айтуға негіз бар. Өйткені біз көкөніс - бақша өнімдерін егуге маманданған ауыл. Аудан көлемінде облысқа дейін шығып, қауын сатып, ауылдың халқы аймақты-көкөніспен қамтамасыз етіп жатыр. Бағасы жергілікті әкімшілік бекіткен бағамен сатылып жатыр. Қауындардың келісі - 250 теңгеден, 300-350 теңгеден.

«Қазалының» кәмпиті, әйгілі ақмаржан күріш,  қақталған балықтың неше атасы жәрмеңкедегі сөреден орын тапты. «Бастысы бұл өнімдер табиғи, таза әрі нарықтағы бағадан арзан», - дейді ұйымдастырушылар. Сыр өңірінің мол дастарханын танытуға елордаға  70-ке жуық тауар өндіруші келіпті.

Талғат Дүйсебаев, Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Бұл жәрмеңкеге Сыр өндірушілері үлкен дайындықпен келді. 50-ден астам автөлік пен 70-ке жуық тауар өндірушілер бүгін өз өнімдерін халыққа ұсынуда.Нарықтағы бағадан өнімдеріміз 20-25 пайызға төмен.  500 тоннаға жуық өнімімізді алып келдік. негізі енді сыр өңірінің брендіне айналған ақ күрішіміз - 200 тонна.

Ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі  «Қазанат» ипподромында ертең де жалғасады. Іс-шара аясында қызылордалық өнерпаздар концертттік бағдарлама ұсынып, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz