Алматыда «Jastar Generation – 2025» халықаралық лагері өз жұмысын аяқтады.
Үш күн бойы 80 белсенді жас түрлі тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысты. Оған қоса этносаралық келісімді нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған бастамаларды талқылады. Орталық Азия елдерінен келген жас көшбасшылар, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері де өз ойларын ортаға салды.
Биыл жастар лагері 3-ші мәрте өткізіліп отыр. Бұл жолы Ассамблеяның кадрлық резервін дайындау мәселесі басты тақырып болды. Осы мақсатта қатысушылар команда құрып, коммуникативтік дағды, этносаралық келісім мен мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған түрлі тренингтерге қатысты. Сондай-ақ Ассамблея көшбасшыларымен, табысты кәсіпкерлермен мотивациялық кездесулер өткізді.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Барлық өңірде жастардың арасында волонтерлықты дамыту жоспарымыз бар. Мүсіндерді, ескерткіштерді, қоршаған ортаны аялап, қайырымды іспен айналысу маңызды. Әлеуметтік жоспарларды іске асыруға жастарды тарту қажет. Белсенді азаматтармен біз жыл сайын осында лагерь өткізіп отырамыз.
«Ассамблея жастары» - еліміздегі бірқатар маңызды жобалардың бастамашысы. Қазір ұйым 10 мыңға тарта жасты біріктіріп отыр. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында өңірлік өкілдіктері жұмыс істейді. Дәл осыған ұқсас «Жастар қыймылы» деген ұйым Қырғызстанда бар. Оның мүшесі Нұрхан Оразбеков осы шараға делегат болып келген. Ол мұндай басқосулар өте қажет дейді.
Нұрхан Оразбеков, «Қырғызстан жастар қыймылы» ұйымының мүшесі:
- Әрине мұндай жиындар керек. Жастар ортақ түйіткіл мәселелерді ортаға салады. Осы басқосуда жалпы Орталық Азия жастар саясатына қатысты жұмыстармен таныстық десе де болады. Қазақстандық қыз-жігіттер өте белсенді. Алдағы жоспарлары өте ауқымды. Білім, ғылым, мәдениет сияқты дәстүрлі бағыттармен қоса, ІТ, жасанды интелект сияқты заманауи бағыттарда өздерін сынап көргісі келеді.
Сонымен қатар Қазақстан Халқы Ассамблеясының мерейтойы аясында Қазақстандағы корей қауымдастығы 35 жылдығын атап өтті. Қазір елімізде 120 мыңға жуық кәріс тұрады. Осы уақыт ішінде олар талай игі іске бастамашы болып, достық пен ынтымақты, бірлік пен адал еңбекті ту етіп ұстап келеді.
Константин Ким, «Корё ильбо» газетінің бас редакторы:
- Биыл біз үшін айтулы жыл. Біздің қауымдастыққа 35 жыл. Осыған орай жаңадан салынатын «Алатау сити» қаласына өз үлесімізді қоспақшымыз. Яғни қазақ жеріне, қазақ халқына алғыс ретінде мәдени орталық салып жатырмыз. Жоба 10 гектар аумақты қамтиды. Біздің ата-бабаларымыз осыдан 90 жыл бұрын қазақтың қасиетті жеріне табан тіреді.
Мерекелік іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік қонақтар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шарада ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтуға қосқан жандарға құрмет көрсетілді. Көрермендер корей халқының салт-дәстүрінен хабар беретін концерттік бағдарламаны тамашалады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жастар #Еріктілер #ҚХАPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz