Бүгін – Отбасы күні. Қазақстанда бұл мереке 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір елде түтін түтеткен үйелмен саны артып келе жатыр. Биылғы сегіз айда 78 мың жұп шаңырақ көтерді.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Биылғы сегіз айда 78 мың жұп некелескен. Осы аралықта 227 мыңға жуық сәби дүние есігін ашыпты. Ең қызығы, жұптардың көбі серттесу үшін есте қаларлық күндерді таңдайтын болған. Мәселен, қос тоғыз тоғысқан 9 қыркүйек күні ел бойынша 631 жұп шаңырақ көтерген.
Отбасының беріктігі түсіністіктен басталады. Шаңырақтың шайқалғанын ешкім қаламасы анық. Сондықтан терезені тең ететін де екі тарап. Әуелі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас нығая түсуі қажет. Көпті көрген қария, елорда тұрғыны Мекеш Тәліпұлы осылай дейді. Отбасын – басты құндылығым деп түйген ақсақалдың жанұясы, ұлттық дәстүр мен ғұрпымызға ерекше мән береді. Балалары да салтқа «шекеден» қарамайды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету санасына әбден сіңген.
Мекеш Тәліпұлы, зейнеткер:
- Негізгі тәрбие отбасынан. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Сол отбасының тәрбиесіне байланысты деген сөз. Біз екеуміз де көп балалы отбасынан шыққанбыз. Білгенімізше, қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесін үйретіп отырамыз. Ертегі айтамыз, ұлттық ойындарды, асық қағу, дойбы-шахмат ойындарын үйретеміз.
Иә, отбасы көбіміз үшін басты құндылық. Жанұяның жылылығын сақтау мен қорғау ел Конституциясында нақты көрсетілген. Ал Отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану, балалардың қауіпсіздігіне қатысты арнайы заң қабылданғаны мәлім.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде Конституцияда көрсетілген құндылықтар бар. Осы құндылықтардың қатарында 27-бапта отбасы, бала, ата-ана көрсетілген. Демек кез-келген мемлекеттің негізгі тұғыры – Отбасы. Кез-келген іске қарағанда отбасылық мүддеден қарағанымыз дұрыс. Барлық қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтаймын. Әрқашан қазақ отбасының құндылығы биіктей берсін!
Айта кетейік, бүгінде ел бойынша 112 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың санын 200-ден асыру - алдағы жылдың жоспары. Бұл орталықтарда мобильді топтар құрылған. Демек, кез келген отбасылық келеңсіздік туындаған жағдайда заңгер мен психологтардың көмегіне жүгіне алады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев
Тегтер #Отбасы күні #мереке #құндылықтар #салт дәстүр #конституция #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz