Қазақстандықтар бүгіннен бастап зейнетақы жинағын тіс емдетуге жұмсай алмайды. «Отбасы банк» осындай шешім қабылдады. Өйткені зейнатақы қорынан алынған ақша көбіне тіс емдеуге емес өзге мақсатқа жұмсалады. Енді бұл жайтты тексеру жұмыстары келесі жылдың сәуіріне дейін жалғасады.
Сөйтіп, бүгіннен бастап тіс емдетуге зейнетақы қоры ақша бермейді. Бұл орайда тіске деп ақша шешіп пайда тапқандардың ісі әшкере бола жатар. Ал қарапайым жұрт қайтпек? Өтінішті енді қай кезден бастап бере алады?
Мамандар стоматология саласындағы табыстың 80%-ы халық есебінен түседі дейді. Ал кейінгі жылдары бұл қызметке сұраныс артқаны мәлім. Тұрақты өсімге зейнетақы жинағының ықпалы тиді. Мәселен, 2021 жылдан бері enpf-otbasy.kz порталы арқылы 757 млрд теңгеге 795 мыңнан аса стоматологиялық қызмет көрсетілген. Өкінішке қарай, пайдакүнемдік мүддесі де сырт қалмапты. Осы аралықта 220 млрд теңгеден астам қаражаттың жеке мақсатқа шешілгені анықталды.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Былтырдан бері біз стоматологтар қауымдастығымен келіссөз жүргіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен де байланыста болдық. Біз бірқатар ұсыныс айттық, алайда олар орындалған жоқ. Портал арқылы өткен қаражаттың 35 пайызы 20 тіс емдеу клиникасына түсіп отырған. Міне, біздің күдікке ілінгендер осылар болды. Олардың лицензиясы жыл соңында ғана алынған. 6 айда ол сондай абырой жинап, 20 млрд теңгеге қызмет көрсетуі күмән тудырды. Олар айына 2,5 млрд теңгеге қызмет көрсетуі үшін жабдық пен стоматолог дәрілерлердің саны айтарлықтай болуы керек. Ал түскен салық көлемі оны ақтамады.
enpf-otbasy.kz порталы арқылы жүргізілген қаржылық операцияның 90 пайызы стоматологиялық қызметке бағытталған. Әйтсе де, қызмет көпшілікке қолжетімді емес. Жіктеп көрсем, протездеуші, ортодонт және имплантологтардың жұмысы қымбат. Себебі қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар түгел сырттан әкелінеді. Бұл тұтынушы қалтасына салмақ салары сөзсіз. Демек, зейнетақы жинағының бір бөлігін тісін емдеп, түгендеуге жұмсау тиімді дейді мамандар.
Аяулым Ерғазы, балалар тіс дәрігері:
- Бұл бағдарлама бойынша өту үшін күрделі этаптары бар. Яғни пациент бізге келеді, тексерілуден өтеді. Біз ол кісіге белгілі бір план жасаймыз. Олар осы планымен зейнетақы қорына барып, рұқсат алады. Содан кейін арнайы қағазбен келіп, бізден ем-дом алғаннан кейін ғана пациенттердің қосымша диагностикалау, яғни 3д, рентген, анализдарының барлығы қосылып беріледі. Яғни оны оңайшылықпен алу да оңай емес.
Біз барған тіс емханасында жыл басынан бері 40-тан астам науқас зейнетақы жинағының көмегімен ем-дом жасатқан. Әсіресе, жалпы жансыздандыру қызметін пайдаланып, балаларын емдеткендер көп. Өкінішке қарай, бүлдіршіндердің 80%-інде тіс жегісі бар. Осы орайда елде «Сау тіспен болашаққа» жобасы жүзеге асып жатқанын айта кетейін. 2028 жылға дейін мектептерде МӘМС есебінен көмекке мұқтаж балаларды тегін емдеуге мүмкіндік бар.
Иә, елдегі стоматологиялық қызмет ақысы қолжетімді емес. Дегенмен, отандық емханалардың жыл сайын жүздеген шетелдіктің тісін емдейтінін біле жүріңіз. Себебі бағасы өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Стоматологтар бірлестігінің президенті Мейрам Раганиннің айтуынша, дәрігерлердің біліктілігі мен технология сапасы да жоғары.
Мейрам Раганин, Стоматологтар бірлестігінің президенті:
- Өткен жылы елге келген шетелдіктер өте көп болды. Мысалы, АҚШ азаматтары 40 адам, Англиядан 21 адам, Германиядан 126 науқас, Ресейден 58, Украинадан 12 тұрғын келді. Бұл мемлекеттерден бөлек, Италия, Қытай, Польша, Бельгия, Түркиядан да келушілер бар. Қазақстанның шекаралық аймағына, әсіресе ресейлік азаматтардың ағылуы жиілеген. Тиімді қолжетімді қызмет түрін алып өз елдеріне қайтып кету оларға жеңілірек. Сұраныс жаз айларында көбіне өседі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл МӘМС жүйесі арқылы стоматологиялық қызметке 38 млрд теңге бөлінді. Яғни балалар мен жүкті әйелдерден бөлек, зейнеткерлер, инфекциялы әрі қоғамға қауіпті ауруға душар болғандар, мүгедектерге қарап отырған жандар және «Алтын», «Күміс» алқа иелері тісін тегін емдей алады. Ал зейнетақы жинағының бір бөлігін осы мақсатқа жұмсағысы келетіндер өтінішті келесі жылдың сәуірінен бастап бере алады. Әзірге 25 мыңнан аса адаммен бірыңғай оператордың мақұлдауын күтіп отыр. Ең дұрысы, ауыз қуысы гигиенасын сақтау.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап
Тегтер #зейнетақы #тіс емдеу #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz