RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан жасанды интеллект саласында 5 жылдық тұжырымдама қабылдады

15.09.2025, 17:26 489

Әлем жасанды интеллектіні толық пайдалануға, жаңашылдық ашуға барын салып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл технология елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Сондықтан Президент бұл жолғы Жолдауында жасанды интеллектіні еліміздегі барлық салаға батыл енгізу қажеттігін тапсырды. Бұл технология қазірдің өзінде денсаулық сақтаудан бастап қаржылық қызметтер, көлік-логистикаға дейінгі әртүрлі салаларға енгізілді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Жасанды интеллектіні пайдалану заман талабы. Ендеше жаңа технология көшінен қалмау үшін тырысып баққан жөн. Президент тіпті бұл салаға шекеден қараудың салдары ауыр болатынын айтты. Бұған дейін де талай мәрте ЖИ еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі екенін ескерткен. Айталық, Біріккен ұлттар ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7%-тен 29%-ке дейін артады. Бұл, әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады

Әлтайыр Ахметов, Astana IT университетінің ректоры:

- Электрондық үкіметтен біз «ақылды» үкіметке айналып жатырмыз. Ол дегеніміз, жасанды интеллект арқасында біраз процесстерді ашық әрі тиімді етіп жасауға мүмкіндік бар. Халыққа және бизнеске цифрлық технологияларды пайдалануға тиімді және жеңілдету мәселесін қарастыру керек.

Осы ретте елдегі жасанды интеллект саласында атқарылған жұмысқа зер салсақ. Жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластері іске қосылды. Aлем.ai ұлттық орталығы ашылып, қазақ тіліндегі модель құрылды. Үкімет саланы дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасын қабылдады. Әуелі еліміз жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алады. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ жасанды жүйе деректерді талдауға мән беретін болады. Жоғары технологиялар енгізілген демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылады. Тіпті заң шығару саласына да осы жүйе қолғабыс ете алады.

Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде көптеген заңдар мен кодекстер бар. Олардың ішінде кейбір тарауда қайшылықтар бар. Соны ретке келтіру үшін ЖИ-мен жұмыс жасауға болады. Тек қана көмекші ретінде. Қазіргі таңда екі түрлі пікір бар. Бірінші ЖИ дұрыс деңгейде бағаламау немесе көп көңіл бөлу. Екі жақта да тәуекел бар. Бірақ ЖИ-ға көңіл бөлмей қалсақ, біз артта қалып қоюымыз мүмкін.

Ал ЖИ ел медицинасында үлкен жетістіктерге жетті. Диагностика мен емдеу әдістерін жетілдіруге қолғабыс етеді. Жасанды интеллектінің көмегімен ауруды ерте сатысында анықтап, емдеу мүмкіндігі жоғарылады. Мысалы рентген суреттерін талдай отырып, рак ауруын ерте анықтау немесе жаңа дәрі-дәрмек жасау процестерін жеделдету мақсатында жасанды интеллект қолданылады. Автокөлік жолдары саласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «e-Joldar» жүйесі әзірленуде. Жүйеде жасанды интеллектіні қолдану жолдарды салу және жөндеу кезіндегі бақылау процесстерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz