RU
Толық нұсқаға өту

Атырауда тәртіп сақшылары студенттерге қылмыстың алдын алу шараларын түсіндірді

15.09.2025, 21:30 399

Атырауда «Заң мен тәртіп» қағидатын күшейту мақсатында тәртіп сақшылары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Ішкі істер министрлігі мен көліктегі полиция департаменті ұйымдастырған жиында есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу және ішкі істер саласында қызмет ету мәселелері талқыланды.

Елімізде жалпы қылмыс көрсеткіші төмендегенімен, интернет-алаяқтық дерегі көбейіп, есірткі саудасы қызып тұр. Биылғы 8 айдың өзінде 12 тоннаға жуық есірткі тәркіленген. 2 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды. Жиынға қатысқан ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов қылмысқа көбіне жастардың баратынын айтып, студенттерді сақ болуға шақырды. «Мұндай іс-шаралар құқықтық сауатты арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Бауыржан Әбенов, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары:

- Құқықтық сауаттылықты арттыру және кадрларды іріктеу мақсатында осындай семинарлар жыл сайын жоғары оқу орындарының арасында өткізілетін болады. Біздің басты мақсатымыз – қоғамды және өскелең ұрпақты құқықбұзушылықпен күресу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар жастарды жұмыспен қамту мәселесін ортаға салып, оларға көрсетілетін қолдау туралы айтты. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жыл сайын 200-ге тарта заңгер дайындайды. Олардың 70%-і осы салаға қызметке орналасады.

Саламат Ідірісов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры:

- Көліктегі полиция департаменті біздің түлектерімізге арнайы жолдама беріп, өздерінің қатарларына жұмысқа шақырды. Яғни, біздің ең үздік түлектеріміз бүгін арнайы өздерінің осындай жолдамаларын алды. Білім бағдарламаларын жаңартып, қазіргі, осы цифрлық замандағы біліктілік курстарын, мамандықтар аштық.

Жиыннан кейін студенттерге арналған көрме ұйымдастырылды. Онда жастар кинология, тергеу қызметі және арнайы жасақтың жұмысымен танысты.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz