RU
Толық нұсқаға өту

Былтыр банктер 22 трлн 300 млрд теңге несие үлестірген

16.09.2025, 17:07 377

Қазақстан банктері бай. Бірақ бұқараға қарыз беріп, қоң жинаған сол банктер елдің экономикасына қаржы құярда тым сараң.

Өйткені біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен салаларға ақша салғанды сауап санайды. Бұл түйткілді Президент осы жолғы Жолдауында да көтерді. Көтеріп қана қоймай, Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырды.

Алмақтың да салмағы бар. Демек бұрындары қысылтаяң шақта мемлекет екінші деңгейдегі банктерге әрдайым қол ұшын беріп келді. Енді экономиканың дамуына сол банктердің өзі үлес қосуы керек. Мәселен, Мемлекет 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсеткен. Алайда банктер сол ақшаны кері қайтармақ түгілі, әлі күнге дейін тапқан табысын айналымға салуға асығар емес.

Елдегі қаржылық ұйымдардың ұпайы түгел. Себебі қарызды да, пайызды да ойдағыдай орындап, «жілік» майын жеп отыр. Бірақ шағын және орта бизнесті жандарына жуытпайды. Себебі тұтынушылық несиеден қыруар пайда тауып тұр. Мәселен, былтыр банктер 22 трлн 300 млрд теңге несие үлестірген. Соның 13 трлн 800 млрд теңгесі қара жұрттың жыртығын жамаған. Шағын және орта бизнеске тигені 4 трлн-нан сәл асады. Ал әлем елдерінде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады. «Осылайша біздің банктер ел экономикасын дамытуға еш бас қатырмай отыр», - дейді мамандар.

2024 жылы банктер:

₸22 трлн 300 млрд  несие берген

₸13 трлн 800 млрд  тұтынушыға

₸4 трлн.нан астамы шағын-орта бизнеске

Жанат Нұрғалиев, сарапшы:

- Керек кезде мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктерге көмек берілді. Енді сол механизм ауысу керек. Шағын және орта бизнес қаржылық көмек алса, ертең салық төлейді, жаңа жұмыс орыны ашылады. Экономикаға пайда әкеледі.

Қазақстан банктері ресурсқа бай елдер ішінде ең көп пайда табады. Сарапшылар осындай пікірде. Мемлекет оларды қаржылық дағдарысқа жібермей, жәрдем де берді. Демек қайтарымы болу қажет.

Жанерке Қайратқызы, сарапшы:

- Жылғы қаржы кризисін еңсеру керек болды. Ол банктерге қаржылық тұрақтылықты еңсеруге көмек берілді. Бірақ бүгінгі таңда ол банктер өте жағдайда өз қызметтерін атқарып, өте жақсы пайда тауып жатыр. Қазір екінші деңгейлі банктер біздің экономикамыздың нақты секторына кем дегенде 1 млрд АҚШ доллар есебінде инвестиция құю керек.

Биыл тамызда Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 65,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл аз ақша емес. Әрі олардың жыл басынан бергі табысы 3,5 трлн теңгеге өскен.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 5,2%. Бірақ, банктердің агросекторды несиелеу көлемі барлық қарызының 1 жарым пайызынан аспайды. Себебі жер учаскелері мен ауыл шаруашылығы активтерін кепіл ретінде қарастырмайды.

Қазір елде ірілі-ұсақты 30-дан астам банк бар. Соның ішінде ірі бесеуі барлық банк активінің 63 пайызын бақылап отыр. Бәсеке жоқ, осылайша олардың ұрты майлы. Бұл халықаралық стандартарға сай емес. Бұндай теңгерімсіздік экономика өсімін тежеп, бәсекелестікті бәсеңдетеді. Сондықтан мәжіліс осы сессияда банктерге қатысты жаңа заңды қарауға шүғыл кірісіп кетті.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Марат Диханбаев  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz