RU
Толық нұсқаға өту

Әлемді мойындатқан ағайынды қос батыр ел мақтанышына айналды

16.09.2025, 21:25 409

Бокстан әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан да алтыннан алқа тағып, күллі елдің мақтанышына айналды.

Бұл жеңіс – тек отбасының емес, тұтас елдің мерейін асқақтатқан тарихи сәт болды. Махмұд Сабырхан жедел шабуылымен қарсыласын тосыннан ұтып, әлем чемпионатында екі дүркін алтын иегері атанды. Ал інісі Төрехан – ел тарихындағы ең жас чемпион ретінде атын алтын әріппен жаздырды.

«Төрехан Сабырханның бала жастан-ақ тактикалық шеберлігі байқалған». Бокстан жөсөспірімдер арасында аға жаттықтырушы қызметін атқарған Ерсұлтан Жақсыбеков осылай дейді. Қалалық біріншілікте атой салып, ел чемпионатында да ерекше мінез көрсеткенін еске алды.

Ерсұлтан Жақсыбеков, бокстан ересектер арасында аға жаттықтырушының көмекшісі:

- Финалда тісі ауырды, ісіп кеткен. Ол кезде жасөспірімдер шлем киеді. Ол қысады, ауыртады. Бірақ соған қарамастан 1-раундта шыдап, 2- раундта қарсыласын қинап жіберді. Мысалы, ол да мінезге жатады. Былайша айтқанда көп балаларда кездесе бермейтін қасиеттердің бірі.

Әлеуметтік желіде Махмұд Сабырхан бауыры Төреханды иығына көтеріп, жеңісті бірге тойлаған сәті жұрттың жүрегін елжіретті. Көрініске куә болған желі қолданушылары қос чемпионға ыстық ықалысын білдірді.

Ал әкесінің айтуынша, олар әрдайым бірге жаттығып, бір-біріне демеу болып келеді.

Айдархан Сабырхан, әкесі:

- Жылқы қараймыз. Малағын алу үшін арбамен алуға болады. Біз онымен алмайтынбыз. Шелекке салдырып, кетіп бара жатқанда 10 метр жүріп, әр жерде жаттығу істеп кете беретінбіз. Соның да жетістіктері шығар деймін. Бір медальмен, марапат қағазымен келіп, «о, папа, жеңдім» деген кезде одан бетер көкке көтеріп қоямыз. «Сен бүгін чемпионсың» деп, 2-3 күн демалдырып қоямыз.

Чемпиондар отбасында 5 баланың барлығы бір-біріне қамқор. Анасының айтуынша, Англияда атой салып, ақтық сынға жолдама алған боксшыларды қолдауға туған-туыс түгел жиналған. Алайда өзі жүрегі дауаламай көрші бөлмеде тілекші болғанын жеткізді.

Меңтай Әсілова, анасы:

- Олардың жеңгенін, жақсы ойын көрсетіп жатқанын отағасының, бауырларының даусынан білемін. Олар «ой жарайсың, жақсы, былай ұр» деп жатса, жеңіп жатыр екен деп, солардың даусынан күш алып отырамын. «Былай ұрмадың ба, үйтпедің бе» десе ойланып, дұғамды тілеп отырамын.

Ағайынды Сабырхандардың қос жеңісі – тек бір әулеттің қуанышы емес, күллі Қазақстанның мерейі. Спорт – елді әлемге танытатын ең үлкен құндылықтардың бірі. Сондықтан да олардың жеңістері тәуелсіз Қазақстанның спорттық жетістіктері қатарынан берік орын алады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz