15 жылда біздің елдегі барлық жылу-электр орталықтары “таза көмір” технологиясына көшеді. Яғни 2039 жылға дейін салынатын және жаңғыртылатын кәсіпорындардың жұмысы осы технологияға негізделеді. Бұл туралы Энергетика министрлі мәлімдеді.
Көмір – маңызды стратегиялық ресурс. Дәл осы ресурстың қоры бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Дүние жүзіндегі көмірдің 4 пайызы қазақ жерінде жатыр.
Әрине, қазіргі экономиканың даму қарқыны энергияны көптеп қажет етеді. Көмірге арқа сүйеу қажет-ақ. Тек экономикамен қатар экологияны да ескеру керек. Таза көмір технологиясы осы тығырықтан шығатын жолға айналады.
Нұрқанат Қанапия, тіліші:
- Қазақстан көмір энергетикасынан бас тартпайды. Тек одан қоршаған ортаға зиянын азайту керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да айтты. Енді “таза көмір” технологиясы енгізілмек. Қазір елде 34 млрд тоннаға жуық көмір қоры белгілі. Жылына 100 млн тоннадан аса көмір өндіріледі. Отандық энергетиканың 67 пайызын көмір беріп отыр. Осы мол ресурсты кәдеге жаратпасақ, экономикалық тұрғыдан ұтылатынымыз анық.
Жалпы 2035 жылға дейін электр энергетикасын дамыту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Мұнда 26 гигаваттан астам қуат көздерін іске қосу көзделген. Жоспарда баламалы энергетика және көмір генерациясын дамытуға басымдық беріліп отыр. Жаңа жобалар Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемесін орындауға жол ашады. Яғни 2030 жылға қарай ауаға тарайтын түтін 15 пайызға азаюға тиіс.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Әр 22 ірі жылу орталығымен тиісті жол картасын жасадық. Кодекске сәйкес 2031 жылға дейін барлық жоспарларды дайындап, сосын жыл сайын барлық қазандықтарды кезек-кезекпен жаңа технологияларға ауыстыру. Біз оны әрине бәрін тоқтатып, жылу орталығын бір-екі жылда істей алмаймыз ғой. Жылумен, суық сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Сондықтан тиісті осындай жол карталары бар, 2039 жылға дейін барлық ірі жылу орталықтарын осы экологиялық талаптарға сәйкес келтіру үшін.
Кәсіпорындар жаңа талаппен салынады
Бірнеше жылу орталығы бой көтереді. Соған сәйкес елдің энергетикалық әлеуеті артады. Мәселен, Курчатовтағы электр станциясы 700 мегават қуат береді. Ал Екібастұздағы 3-ші ГРЭС 2640 мегаватт өндіреді. Бірнеше өңірде жылу-электр орталығы салынады. Көкшетауда 240 мегаваттық, Семей мен Өскеменде 720 мегаваттық орталықтар тұрғызылады. Сондай-ақ Қарағандыдағы 3-ші жылу-электр орталығында жаңа энергия блогының құрылысы басталды. 2028 жылға дейін аяқталады. Жобаның Қарағанды үшін маңызы зор. Себебі қала өсіп келеді. Жаңа блок 400-ден астам тұрғын үйді қамтиды. Бұл кәсіпорындардың барлығы таза көмір технологиясы негізінде жұмыс істемек.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Таза көмірді дамыту жаңа жобаларын іске асыру қолға алынып жатыр. Ол, біріншіден, Екібастұздағы 3-ші ГРЭС салу. Бұл тек қана таза көмір технологияларымен ғана салынады. Ол талаптар бойынша ол жалпы біздің істеп тұрған газ-электр станцияларынан да экологиялық көрсеткіштері жақсы болады. Ол бір. Екіншісі, мынау жаңадан салынып жатқан үш жылу орталығы – Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы. Ол да жаңағы экологиялық талаптарға сәйкес болады. Қосымша қазір міне істеп тұрған станциялардың күрделі жөндеу жұмыстарын тиісті шарттармен жасап жатырмыз.
Көмір химиясын дамытуға бетбұрыс
Елдегі көмірдің басым бөлігін энергетикалық кешендер тұтынады. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл 7 айда 60 млн тоннадан аса көмір өндірілді. Оның 37 млн 400 мың тоннасы энергетика нысандарына жөнелтілді. 18 млн тоннадан аса отын шетелге шығарылды. Ал қалғаны коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен өнеркәсіпке жұмсалды.
Бүгінгі өндіру қарқынымен біздегі көмір қоры үш ғасырға жетеді. Тек дайын күйінде қазып алып, экспортқа шығарумен шектелмеу керек. Қазір өңдеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл орайда Үкімет инвесторды көмір химиясын қолға алуға міндеттеп отыр. Яғни жер қойнауын пайдаланушы көмір химиясы өнімдерін де шығаруға тиіс. Соған сай арнайы жол картасы әзірленді. Карта шеңберінде Қарағанды облысында көмірден газ өндіретін зауыт салынады. Бұл зауыт жылына 2 млрд текше метр газ береді деген жоспар бар.
Авторы: Нұрқанат Қанапия
Тегтер #технология #кәсіпорындар #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz