RU
Толық нұсқаға өту

Виртуалды шіркеулер – заман сұранысы

17.09.2025, 13:50 312

Цифрлық трансформация діни қызметтерді жаңаша форматқа бейімдеді. Виртуалды шіркеулер, онлайн қажылықтар, мобильді қосымшалар – бұлардың барлығы адамдардың өмірін жеңілдетеді. Алайда бұл жаңашылдық діннің рухани мәнін сақтап қала ала ма? 

Кейінгі жылдары АҚШ пен Ұлыбритания сынды алпауыт елдерде дін саласында цифрландырудың айтарлықтай дамығаны байқалады. Енді діни кеңес алу немесе қайырымдылық жасау үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Қызметтердің көрсетілу тәртібі пандемия кезінде өзгеріске ұшырады. Ірі компаниялар қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкенде, үдеріс дін саласына да ықпал етті. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі дін өкілдері мен мінәжат етушілер бір-бірімен онлайн байланысып, кей қызметтер қашықтан көрсетіледі. Бұл шалғай аймақтарда тұратын немесе қозғалысы шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы. Әрі жастардың қызығушылығын арттырады.

Католиктер үшін әр 25-ші жыл қасиетті болып саналады. Осыған орай биыл Ватиканда салтанатты іс-шара өтеді. Бұл жолы діни рәсім ерекше болмақ. Себебі әлем қажылыққа онлайн қатыса алады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қызметкерлер Әулие Петрдің қабіріне веб-камералар орнатқан. Олар тікелей эфир арқылы қасиетті орын мен рәсімді көрсетеді. Бұл адамдардың қасиетті орынға сапар шекпей-ақ қажылыққа қатысуға мүмкіндік береді. Тәжірибенің бастау алғанына біраз болды. Ватикандағы діни рәсімнен алғашқы трансляциялар 2009 жылы жүргізілді. Қазір де қолданыста. Бастама жайлы біраз сын-пікірлер болғанымен, діни қауымдастықтар жаңа технологияның бірқатар артықшылығы барын айтады. 

Діни мобильді қосымшалар

Онлайн-қызметтермен қатар діни көшбасшылардың подкасттары мен бейнежазбалары да кең танымалдыққа ие. Қазіргі платформалар әр дін өкілдері мен азаматтарға өзекті тақырыптарды талқылауға, қасиетті жерлер мен виртуалды экскурсияларға қатысуға, кез келген уақытта сұраққа жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғылықты жердегі ғибадат ету орындарын көрсететін, маңызды күндерді еске салатын қосымшалар бар. Тіпті діни тәртіпке сәйкес некеге қатысты қосымшалар да жастар арасында танымал. Былтыр орта есеппен ай сайын 11 миллион жаңа құрылғы осындай қосымшалар орнатып, күн сайын 14 миллионнан аса адам ақпарат алған. Бұл цифрландырудың дін саласына да кеңінен еніп жатқанын көрсетеді.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz