RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда сталкерлерге жаза күшейді

17.09.2025, 17:15 399

Енді адамдарды аңдып, әлеуметттік желіде жұрттың мазасын алатындар, бей-берекет қоңыраулатып, хат жолдайтындар жазаланады, деп хабарлайды 24kz.

Мұны заңда сталкинг деп түсіндіреді. Бірер ай бұрын депутаттар мақұлдап, Президент қол қойған құжат кешеден бастап күшіне енді. Әлдекім үйіңізді торуылдап, желіде үркітіп үн қатып, үрейіңізді тудырса қайда жүгінуге болады? Сталкерлерді қандай жаза күтіп тұр?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Аласы да, құласы да қатар жүретін қоғамда ешкім өзгенің жеке өміріне қол сұға алмайды. Бұл Ар-намыс кодекісінің жазылмаған заңдылығы. Десе де жаңа заңға жаңа талап енгізілді. Ең бастысы, құжатта қылмыстық жауапкершілік жүктейтін сталкинг ұғымы пайда болды. Яғни, өз шекараңызға өзге біреулер еніп, мазаңызды алса, енді құзырлылардың қызметіне жүгіне аласыз. Ол үшін бұл ұғымды анығырақ ұғынған абзал.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сталкинг дегеніміз – жәбірленушінің рұқсатынсыз оған сыртынан ұдайы аңду. Оның келісімінсіз әлеуметтік желі арқылы қысым көрсету немесе хабарламадар арқылы, физикалық түрде артынан аңду жүргізу.

Бұған дейін бізде мұндай норма болмаған. Салдарынан сыртыңнан торуылдап, доқ көрсететіндерді тәртіпке шақыру мүмкін емес еді. Тентекті тезге салатын темірдей ереженің жоқтығынан талай жан жапа да шеккен.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2024 жылы Алматы қаласында болған жағдайды естеріңізге салайын. Бұрынғы күйеуі өзінің енді заңды түрде ажырасып кеткен жұбайын, қызғанып, оның жұмыс орнына барса, жұмыс орнына, үйіне келсе, үйінің алдынан күтіп алған. Осы жағдаймен арызданған әйел адамның арызы ішкі істер органдарымен қаралмайды. Нәтижесінде осы біраз уақытқа созылғанан кейін күйеуі, бұрынғы күйеуі мынау автотұрақта бұрынғы жұбайына 9 жерден пышақ салып, адам өліміне себепкер болды. Ал мұндай жағдай біраз өңірлерде болды. Батыс өңірлерде, Ақтөбе, Ақтау, Оралда да болды.

Қанат Дүмшебаев, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығы:

- Қылмыстық заңнамада мұндай норма болмаған. Осы ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде күшіне еніп отыр, өзгерістер. Бұл заң әрбір адамның кеңістігіне құрметпен қарау қажеттілігін айқындап отыр. Психологиялық зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алып отыр. Енді бұл әрекеттер қылмыстың құрамын құрайды. Адамның еркіне қайшы байланыс орнатуға және оны аңдуға бағытталған зорлық-зомбылықпен ұштаспаған елеулі зиян келтіруге әкелген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау бұл қылмыстық әрекет болып есептеледі.

Әлеуметтік желіде әлдебіреулердің мазасын алып, үрейлі үн қататындар да жауапкершіліктен жалтара алмайды. Тоқтаусыз қоңырау шалу да, бей-берекет хабарлама қалдыру да сталкинг.

Батыржан Ибрагим, блогер:

- Әлеуметтік желінің психологиясы сондай, адамдар саған жаңағыдай көргісі келеді өміріңді, жазғысы келеді, бірақ сен оларды қойдыра алмайсың. Сол үшін сен әлеуметтік желіде барсың, солар коментарий жазылу үшін, лайк басу үшін. Егер ол саған қажет емес болса, әлеуметтік желіде бар, бүкіл коментарий жауып тастасаң болады, бүкіл лайктарды өшіріп тастасаң болады, болмаса, сол адамды бұғаттап тастасаң болады. Бірақ, сол нәрседен айналып өтіп, номеріңді тауып алып, үй жағыңды тауып алып, мазасыздандыратын болса сені, онда қауіп төндіруі мүмкін.

Ал сталкерлерді қандай жаза күтіп тұр? Айтайық, өзгенің өміріне қол сұққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Пұл төлеуге пейіл білдірмесе, қоғамдық жұмысқа жегіледі. Ал оған көнбегендер 50 тәулікке қамалады.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Адам қылмыс жасады ма, жасаған жоқ па? Яғни, қылмыстық теріс қылық орын алып отыр ма, жоқ па, деген мәселені тек ғана ІІМ қарасты тергеушілер анықтайды. Барлық жаңағыдай жағдайлар бар, өмірде болып жататын, кездейсоқ жағдайлар болуы мүмкін, оның барлығы автоматты түрде сталкинг болып есептеле бермейді ғой. Міндетті түрде тергеу барысында анықталады.

Иә, істің ақ қарасын құзырлылар анықтайды. Себебі сол, көрінгенді қылмыс деп бағалауға болмайды. Өйткені өзгенің ілтипаты, тағы біреуге өрескел болып көрінуі мүмкін.

Батыржан Ибрагим, блогер:

- Халықтың алдында жүргендіктен, белгілі біреулер болады, оларда артық ойсыз, тек ғана махаббатпен оларға қуаныш сыйлау үшін қай жерге тұрғанын білгісі келеді, таңертең тұрған кезде есігінің алдынан, қонақ үйден шыққан кезде гүл сыйлауы мүмкін. Болмаса, дайректіге күнде жақсы тілектер айтуы мүмкін. Жыл он екі ай, 365 күн деген секілді. Бірақ оның хабарламаларында ешқандай қорқыныш жоқ, тек күнделікті жазулар, күнделікті лайктар. Бірақ оның бәрін сталкинг деуге болмайды ғой.

Заң талабы күні кеше күшіне енді. Өзгерістің өміршеңдігін һәм қаншалықты қолайлы екенін уақыт көрсетеді.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz