Қыркүйектің алғашқы нөсері Алматы тұрғындарын әбігерге салды. Көлік кептелісі күшейіп, автобустар уақытынан кешігіп, такси бағасы шарықтап шыға келді, деп хабарлайды 24kz.
Күз келсе де, қаланың кейбір көшелерінде инфрақұрылымдық жұмыстар толық аяқталмаған. Әсіресе, Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінің тұрғындарынан кеше әбден маза кетті. Тау жақтан ағып келген жауын суы арыққа сыймай, көшеге жайылған. Соның салдарынан жол ойылып, көліктер батпаққа батып қалған.
Бұл – Алматының Әуезов ауданындағы Аманжол көшесі. 13 көлік дәл осы жерде батып қалған. Осы маңда былтырдан бері кәріз жүйесі мен ауызсу құбыры ауыстырылып жатыр. Тағы бірнеше көшеге газ құбыры тартылуда.
Құрылысы толықтай аяқталмаған. Асфальт газ тартып болғаннан кейін ғана салынады. Әкімдік өкілдері: «Оған тапсырыс беруші Qazaqgaz компаниясы. Ол бізге қарамайды. Қандай мердігер салып жатқанынан да хабарсызбыз», - дейді.
Ермек Жұмағалиев, Әуезов ауданы инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің жетекшісі:
- Аманжол көшесінің оңтүстік жағындағы орналасқан барлық шағын аудандардың Қуаныш бар, Таугүл-3 бар, Шабыт бар, барлық су ағыны осы арыққа келіп түсіп, Аманжол көшесіне түседі. Сонда бұл жерде кешегі кезде жоғары жақтың барлық суы осы көшеге келіп түсті. Біздің тараптан «QazaqGaz» компаниясына хат жолданды. Қазіргі таңда осы жұмыстарды жылдам түрде аяқтап, асфальт жабынын төсеу жоспарланып отыр.
Кәріз бен су құбырын «Спецстрой групп ЛТД» серіктестігі ауыстырып жатыр. Газ тартылған соң асфальт төсеу де осы мердігердің міндеті. Аманжол көшесінің тұрғындары: «Жолға уақытша екен деп немқұрайлы қарамай, көшеге тасты жақсылап төксе мұндай болмас еді», - дейді. Осы аумаққа жауапты болғаннан кейін мердігер компания түнімен батпаққа батқан көліктерді шығарып, қайта тас төкті. Бүлінген автомобиль иелеріне өтемақы да төлейді.
Нариман Қалиев, мердігер мекеменің басшысы:
- Біз осыдан екі апта бұрын өзімізге тиесілі жұмысты аяқтадық. Шұңқырды жауып тастағанбыз. Бірақ топырақ бос жатыр. Көше ашық. Себебі мұнда монтаждау жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Бізден кейін газ түседі. Содан кейін ғана барып жолды жөндейміз. Кеше осы жерде батып қалған көліктердің түгелдей өтемақысын төлеп береміз. Бәрімен келісімге келіп қолхат алыстық.
Аманжол көшесінің тұрғындары бұл мердігердің жұмысына көңілі толмайды. «Құрылыс ұзаққа созылып кетті. Жаңбыр жауса, батпаққа батамыз,» - деп отыр.
Рухиям Тахметова, қала тұрғыны:
- Бір жыл болды, біресе қазады, біресе жабады. Әйтеуір бітпеді. «Құбыр дұрыс салынбады, қайта ашып жасады», - деп естідік. Бұлай қашанғы жата береді енді? Жаңбыр жауып тұрған кезде біреуге жедел жәрдем керек болса немесе бір жаққа шығу керек болса қайтеді?
Бауыржан Махатов, қала тұрғыны:
- Мен Абай мен Момышұлы жақта тұрамын. Мына жаққа жұмысқа келемін велосипедпен. Велосипедімді сүйретіп келе жатырмын. Жаздан бері осылай тұр. Былай не болды, тас төселіп тұрған, жаңбырдан кейін осындай болып қалды.
Жаңбырдан соң Яссауи көшесінде де жаңадан төселген асфальт ойылып, автобустар тұрып қалды.
Әкімдік өкілдері әлі бірде бір жобаны толықтай қабылдап алған жоқпыз. Кем-кетік болса, мердігердің кінәсі. Өз есебінен қайта жөндейді деуден аса алмай отыр. Кешегі нөсер қала инфрақұрылымын әлі жетілдіріп, көлік қатынасын шұғыл реттеу керектігін тағы да көрсетті. 10 балдық кептеліс болып, автобустар кешігіп, алматылықтар үйлеріне жете алмай қиналды. Түннің бір уағына дейін көліктер кібіртіктеді де қалды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов
Тегтер #Алматы #батпақ #кептеліс #жауын шашынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz