Қазіргі заманда ойын баласы түзден гөрі үйге үйірсек. Смартфонның шырмауында отырып қалады. Бала үшін әлемнің жаңа мүмкіндіктері ашылғанымен, қауіп те көп. Осыған байланысты технологиялық компаниялар жас пайдаланушыларды қорғауға көшті. Мамандар HarmBlock AI жүйесімен жабдықталған балаларға арналған жаңа смартфон ойлап тапты. Ол жоғары деңгейдегі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе цифрлық этика талаптарына сай келмейтін визуалды материалдарды бірден бұғаттайды.
Ричард Перси, жоба авторы:
-Біз HarmBlock сүзгілеу құралын тікелей телефонның операциялық жүйесіне енгіздік. Бұл жай ғана қосымшадан әлдеқайда кең бақылау орнатады. HarmBlock бүлдіршіндерге қажетсіз контентті қарауға, жасауға, таратуға және сақтауға жол бермейді. Яғни, егер кішкентай балаларға арналмаған хабарлама немесе сурет жіберілсе, жүйе бұл әрекетті бірден бұғаттайды. Осылайша смартфон толыққанды цифрлық қорғаумен қамтамасыз етіледі.
Әйткенмен қауіп тек техникалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге баланың денсаулығына да тікелей ықпал етеді. 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 95%-ы әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданады. Сарапшылар әлеуметтік желілерде күніне 3 сағаттан көп уақыт өткізетін жасөспірімдер психикалық денсаулық мәселелеріне екі есе жиі ұшырайтынын айтады. Олардың арасында көп жағдайда депрессия мен мазасыздық белгілері байқалады. Зерттеулерге сәйкес, қазірде жас буын әлеуметтік желілерде орта есеппен күніне 3,5 сағат отырады.
Меллина Аморим, балалар психологы:
-Өз бағасын тек әлеуметтік желідегі жетістігімен өлшейтін баланың жан азабын көру өте ауыр. Олар өз құндылығын интернеттегі танымалдылығымен байланыстырады. Ал шын мәнінде, әрбір адам бар болғаны үшін-ақ бағалы. Өкінішке қарай, қоғам бұл мәселені жасөспірімдерде алаңдаушылық пен депрессия сияқты күрделі психологиялық қиындықтар пайда болғанда ғана ескереді.
Жағдайдың ушығуына байланысты бірқатар ел әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібін қатаңдата бастады. Мәселен, Аустралияда балалардың ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желіге кіруіне толық тыйым салуды көздеп отыр. Канада билігі де балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге кірісті. Ал Бразилияда жасөспірімдерді онлайн қатерлерден қорғайтын жаңа заң жобасы мақұлданды. Әлемде бұдан басқа да мысалдар көп. Дегенмен баланың аты бала. Сондықтан технологияның пайдасы мен қатар, зияны да қатар жүретінін әр ата ана ескеруге тиіс.
Авторы: Динара Орынтай
Тегтер #AI #ЖИ #жасанды интеллект #балалар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz