Ақмола облысында туризм саласында қызмет көрсететін маман тапшы. Қазір туристік нысандарда аспаз, даяшы секілді 600-ден астам қызметкер жетіспейді. Мәселе жылда қайталанғанымен әлі күнге дейін шешімін таппаған. Ал бұл қызмет көрсету сапасына кері әсерін тигізуде.
Бурабайдағы ең ірі қонақүйлердің бірінде 200-ден аса адам жұмыс істейді. Бірақ әлі 20 шақты маман қажет. Олардың бәрі – дерлік техникалық персонал. «Қызметкер табылған күннің өзінде көп тұрақтамайды», - дейді қонақүй менеджері Гүлмира Рамазанова.
Гүлмира Рамазанова, қонақүй менеджері:
- Өкінішке қарай, жастар көбінесе үлкен қалаларды таңдайды. Қанша жерден курортты аймақ болса да осында келгісі жоқ. Қазір бізге көбінесе сервистік бағыттағы мамандар жетіспейді. Аспаздар мен тазашылықшыларға сұраныс өте жоғары. Қызметкерлерімізге қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Яғни тұрақты жалақы, осы қонақүйде тұрып, жұмыс істеуге де мүмкіндік береміз.
Қызмет көрсету саласына негізінен жастар алынады. Бірақ олардың жұмысқа деген ынтасы жоқ. Әсіресе жазғы маусымда туристер артып, жұмыс көбейгенде жұмыстан шығып кетеді. Бұл сәйкесінше қызмет көрсету сапасына әсер етеді.
Андрей Подгурский, Туризм басқармасының басшысы:
- Қазір аймақтағы туристік нысандарда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бірақ бұл көрсеткіш жеткіліксіз. Себебі көбісі маусымдық кезеңде, яғни жазғы уақытта жұмыс істеп кетіп қалады. Ал бізге жыл бойы еңбек ететін адам керек. Қазір 3-4 студент облыс әкімінің гранты бойынша білім алып жатыр. Алдағы уақытта осы грант санын көбейтуді көздейміз тырмыз.
Қазір аймақта жылына 100 сала маманын дайындайтын 4 білім ошағы бар. Бірақ кадр тапшылығын шешуге бұның бәрі аздық етеді. Сондықтан соңғы жылдары оқу орындары сұранысқа ие мамандықтарға баса көңіл бөліп отыр.
Асхат Сейтіков ,университет оқытушысы:
- Әр жыл сайын бізде білім беру бағдарламасын талқылау жүзеге асырылады. Оны іске қосар алдында талқылау жүргізіліп, жұмыс беруші ұйымдардан жұмыс берушілер шақыртылады. Сол жұмыс берушілермен тығыз байланыста болып, біз білім беру бағдарламасын одан әрі шыңдай түсеміз.
Саладағы кадр тапшылығын Мемлекет басшысы да Жолдауда ерекше атап өтіп, туристік жерлерді ретке келтіруді тапсырған.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ақмола облысында қазір 700-ден астам туристік нысан бар. Олардың дені Бурабай мен Зеренді ауданында орналасқан. Жыл санап аймақта туристер қатары да артып келеді. Мәселен жыл басынан курортты өлкеге 1 миллионға жуық демалушы келді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Таңдаулы #туризм #маман #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz