RU
Толық нұсқаға өту

Дін лидерлері декларация қабылдады

18.09.2025, 19:05 350

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшлары Президенттің «Бейбітшілік қозғалысы» атты идеясын бірауыздан қолдады.

Бүгін елордада өткен VIII съездің қорытындысы бойынша тиісті декларация қабылданды. Бұл құжатта мемлекет басшысы атаған діни дипломатия, жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөнінде комиссия құру мен климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі көрініс тапқан. Форум қорытындысында дінбасылар бейбітшілік, татулық пен өзара түсіністік жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар зорлық-зомбылық пен деструктивті идеологиялар айыпталып, әлеуметтік теңсіздік сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Съезд барысында сөз сөйлеген Президент дін лидерлеріне өз алғысын білдіріп, бейбітшілік – біздің басты байлығымыз екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырдыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар. Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады.

Съезге сенім артып келеді

Қазақстан діндер съезін жаһандық диалог алаңы ретінде қолдап, БҰҰ және халықаралық серіктестермен ынтымақты жалғастыра береді. Айта кету керек, биылғы жиынның ауқымы үлкен болды. Келелі мәселелерді талқылауға әлемнің 60-тан астам елінен 100-ден аса делегат келді. Ал 2003 жылы өткен алғашқы съезге 13 мемлекеттен 17 делегат қатысқан. Осыдан-ақ, жиынның маңыздылығы мен салмағы едәуір арта түскенін аңғаруға болады.

Болат Сәрсенбаев, Конфессияаралық және Дінаралық диалогтың халықаралық орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Алғаш рет съезді өткізу идеясы 2001 жылы қыркүйек оқиғасынан кейін туындады. Ол кезде терроризм, экстремизм белең алған. Сондай қилы кезеңде барлық дінбасыларын бір үстел басына отырғызып, бейбітшілік жолында күш біріктіру маңызды болды. Қазір міне, түрлі ұлт, дін, конфессия өкілдері Астанада емін-еркін бас қосып, шүйіркелесе алады. Пәкістан мен Үндістан азаматы, еврейлер мен арабтар да бір үстел басына жиналады. Әрине, көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ олар бір-бірін тыңдап, өз ойларын ортаға салу мүмкіндігіне ие.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz