Қонаев қаласының тұрғыны, эко-белсенді Асылжан Ахметов соңғы алты жыл бойы автокөлікке отырмай, күнделікті шаруасына тек велосипедпен қатынап жүр.
Ол облыстық спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етеді. Жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, табиғатты қорғаудың маңызын да насихаттап келеді.
Асылжан Ахметов 2019 жылдан бері көлікке отырмаған. Карантин кезінде бастаған әдетін бүгінге дейін жалғастырып жүр. Оның айтуынша, қала экологиясын жақсарту әр тұрғынның қолында. Сондықтан ол тек велосипедті таңдаған. Бұл арқылы ауаның тазалығына аз болса да үлес қосып жүргенін айтады.
Асылжан Ахметов, эко-белсенді:
- Карантиннен шыққаннан кейін велосипедпен жүруді ұйғардым. Бір жағынан таза ауа, өзіңнің денсаулығыңа жақсы. Көлікпен жүрген ауаға зиянын тигізеді. Велосипедпен жүрсеңіздер ауаға пайдасы болады. 12 ықшам ауданда тұрамын. Арақашықтық 3 шақырым болады, әрі-бері 6 шақырым болады.
Салауатты өмір салтын ұстанатын Асылжан облыстық жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы. Ол әр күн сайын жаттығуға келу үшін 15 шақырымдай жол жүреді. Қазіргі таңда 50-ден астам жас спортшыны тәрбиелеп жүр. Шәкірттеріне үлгі болып жүрген ұстаздың өмірлік ұстанымы – еңбекқорлық пен табиғатты аялау.
Дана Нұрмұхаммед, жас спортшы:
- Бір жағынан үлгі. Себебі өзінің жасына қарамай алыс жерден велосипедпен келеді. Оның өзі бір жаттығу. Ыстыққа да, суыққа да қарамай келеді. Қанша жыл болды соны көріп жүрміз.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобаларында да табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Асылжан Ахметовтің өмірлік ұстанымы осы мемлекеттік бастамалармен үндесіп, қоғамға үлгі болып отыр.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қонаев #спорт #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz