Ақтөбе облысында «FSM Social» республикалық цифрлық бағдарламасы енгізіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жоба жасөспірімдер мен балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров пен ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінде саладағы түйткілді мәселелерді заманауи цифрлық құралдарды қолдана отырып шешу жолдары талқыланды.
«FSM Social» жүйесінде 3 мыңға жуық маман тіркелген. Учаскелік инспекторлардан бастап әлеуметтік қызметкерлер мен педагогтер, балалар омбудсмені мен прокурорлар да бар. Электрондық қосымшаның көмегімен әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдауға мұқтаж отбасылар ортақ жүйеге тіркеледі. Кейін мамандар қолұшын беруге кіріседі. Әр мәселе тиісті органдарға жүктеледі.
Айбек Тағыберген, Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда күніне 200 сигнал түседі. Бұл сигнал енді әр түрлі себептер бойынша. Тек құқықбұзушылық емес, мысалы отбасы мәселелері бойынша, ата-аналар, балалардың құқықтары бұзуылуы бойынша ата аналары жоқ балалар бойынша.
Білім ордаларында буллингтің алдын алу мақсатында мектептер бағдаршам түстеріне сәйкес үшке бөлінген. Сарапшылардың айтуынша, қазір облыстағы оқу орындарының 14%-і «қызыл» аймақта, яғни, түрлі әлімжеттік пен қысым тәуекелі жоғары. Ал, 29%-і «сары», орташа деңгейде. 57%-і буллинг тәуекелі бойынша «жасыл» аймаққа орнатылған. Аталған деректерге сәйкес мамандар тиісті алдын алу шараларын жүзеге асырып келеді.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Барлық білім беру ұйымдарында қазір енді мына буллингтің алдын алу бойынша QR-кодтар орналастырылған. Егер де бала буллингке тап болған болса, жасырын түрде сол QR-код арқылы өзінің мәселесін көтеруіне болады. Психологтар бұл бағыттағы жұмысты жандандырды.
Ақтөбе облысында биыл 700-ден астам баланың құқығы қорғалды. 3500-ге жуық отбасыға полицейлер қорғау нұсқамасын енгізген. 78 млн теңге алимент өндірілді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #Ақтөбе облысы #балалар #жасөспірімдер #құқықбұзушылық #алдын алу #FSM SocialPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz