Ақмола облысында биыл инклюзивті білім беруге арналған 30 кабинет ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа оқу жылында соның 29-ы пайдалануға берілген. Ерекше балаларды қолдау мақсатында жабдықталған ондай сыныптарда арнайы білімі бар педагогтер сабақ береді. Жалпы өңірде алдағы 3 жылда осындай 90 кабинет ашу жоспарланып отыр.
Облыс орталығында ашылған инклюзивті кабинеттердің бірі №17 мектеп гимназиясында орналасқан. Жақында ғана ашылған сыныпта қазір 53 бала тәлім алады. Балғындармен логопед, дефектолог және психолог секілді бірнеше маман жұмыс істейді.
Салтанат Бейсембаева, логопед:
- Қазір бізде көбіне диагностикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз бұл кезеңде баланы жан-жақты тексереміз, қарым-қабілеттерін анықтаймыз. Содан кейін ғана арнайы оқу бағдарламасы әзірленеді.
Инклюзивті білім балаларға тең мүмкіндік сыйлайды. Оған ата-аналарда айрықша қуанып отыр.
Алена Кирдянова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Қазір менің балам өз қатарластарымен бірге оқып, білім алуына мүмкіндік алып отыр. Бұл өте маңызды. Нәтижесін де көріп жатырмыз. Мысалы, осы 2-3 аптаның ішінде ұлым ашылып, белсенді бола бастады.
Раушан Хасенова, мектеп директоры:
- Ерекше білім берумен біз мамандарды оқытып жатырмыз. Өткен оқу жылында бізде 150 мұғалім инклюзивті білім беру курстан өтті. Біз бала саны көбейсе де қамтамасыз ете аламыз.
Дәл осындай инклюзивті кабинет бірер күн бұрын Щучинск қаласындағы №7 мектепте де ашылды. Әзірге орталыққа 1-2 бала тіркелген.
Әйгерім Нұржасарова, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Ұлым барлық сыныппен бірге оқиды. Оған мектеп тарапынан арнайы педагог-ассистент берілді. Яғни, баламды таңертең күтіп алып, барлық сабақтарында көмекші болып жүреді. Ол өте пайдалы. Қазіргі уақытта бұл өте өзекті мәселе.
Қазір аймақта ерекше білімді қажет ететін 14 мыңға жуық бала бар. Бір өкініштісі, олардың саны жыл санап көбейіп келеді. Сәйкесінше, логопед, психолог сияқты мамандарға сұраныс артуда. Жауаптылар қазір маман тапшылығы бар екенін жасырмайды. Жыл сайын бұл мамандықтарға тегін грант бөлінсе де, жастардың барғысы келмейді.
Мақпал Қалиақпарова, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Жыл сайын 2021 жылдан бастап. Ақмола облысы әкімдігінің Манаш Қозыбаев атындағы Петропавл университетіне 15 грант бөлінеді. Бүгінгі күні 2024-2023 жылдары қандай да бір өтініш келіп түскен жоқ.
Қазір облыс бойынша инклюзивті білім беруге арналған 126 сынып бар. Биыл ашылып жатқан 30 кабинетке облыстық қазынадан 375 млн теңге бөлінді. Жалпы әр кабинетті жабдықтауға шамамен 12,5 млн теңгедей жұмсалады.
Авторлары: Абзал Азасматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #ерекше балалар #инклюзивті кабинет #логопед #арнайы педагогPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz