Алдағы 3 жылда Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы егіледі, деп хабарлайды 24kz.
«Алма бағында әйгілі апортты қайта жаңғыртып, көшетін көбейтеміз», - дейді мамандар. Жоба Мемлекет басшысының «апорт сортын жандандыру» туралы тапсырмасы аясында жүзеге асады. Бұл туралы Талғар ауданында өткен дәстүрлі бақ күнінде айтылды. Күзде өнімін жинап, қамбаны толтыратын шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтармен бөлісіп, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған дәстүрлі бақ күнінде бағбандар мен диқандар қауымы ортақ істі бірге талқылады. Жеміс ағаштарын көбейту, апортты жаңғырту жобалары туралы айтылды. Форумда шетелдік және отандық дақылдардың жаңа сұрыптары таныстырылып, заманауи агротехнологиялар көрсетілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара ғылым, мемлекет және бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналды.
Тыныбай Шынтасов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Қазақстандағы селекцияның жағдайы, инновацияның жағдайы сәл де болса өзгеріс бар. Оған шүкіршілік айтамыз. Бірақ мына подвой деген дүниеде біз ылғи ескі подвойларды пайдаланып жатырмыз.
Конференцияның басты тақырыбы – әйгілі апортты жандандыру десек, облыста 110 гектар жерге алма көшеттері егілетін болды. «Мақсатымыз – сапалы өнім алу», - дейді ғалымдар.
Теміржан Айтбаев, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы:
- Біздің институтымыз Президент басқармасының қолдауымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен осы биылдан бастап апортты жандандыру үлкен жобасын жүзеге асырып жатыр.
Алматы облысы елімізде жеміс- жидек пен көкөніс шаруашылығы бойынша екінші орында. Ішкі нарықтың 16%-ін қамтамасыз етеді. Шаруалар жаңа агротехнологияларды енгізу арқылы, өнімділікті арттыруға күш салуда.
Бақытнұр Бақытұлы, облыс әкімінің орынбасары:
- Алматы облысы бойынша 12 мың гектардан астам жер осы бақ бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Жаңа технологияларды қосу аясында 1 гектардан 15 тоннадан 45 тоннаға дейін өнімділікті көтеруге мүмкіншілікті атқару жұмыстарын қарастырып жатырмыз.
Конференцияда елдегі селекциялық геноқорды дамыту жөнінде нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов
Тегтер #Алматы облысы #апорт #шаруалар #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz